Сауран ауданы: Сауранда ет кластері қалыптасуда
Сауран ауданында жыл басынан бері 59 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның 15,9 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі болса, қалған бөлігі ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында қалыптасқан. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, бүгінгі күні ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңын салу жобасы.
Жоба толық іске қосылған кезде мал шаруашылығының өнімділігін арттырып, ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Біздің аудан аграрлық аудан. Ауданда 9 миллиард теңгенің өнімін өндіретін болсақ, соның 15,9 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Ал қалғаны ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының үлесінде. Бүгінгі күні ауданда мал бордақылау кешендерінің құрылысы жалғасуда. Ол үшін екі жүз гектардай жер бөлінді. Қазіргі таңда 62 мал бордақылау мал алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір ауылдық округті айтып өтетін болсам, Ескі Иқан ауылдық округінде мал бордақылау кешенінің құрылысы басталды. Ол жерде жоба аясында 32 мал ұстауға арналған қораның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар етті қайта өңдеу, мал сою және ет сақтау цехтарының құрылысы қатар қолға алынған, – дейді аудан басшысы.
Бүгінгі күні мұндай жұмыстар барлық ауылдық округтерді қолға алынуда. Қазір жеті жоба жүзеге асырылып жатса, алда 12 ауылдық округте жүзеге асыру көзделген. Ол үшін арнайы инфрақұрылыммен қамту жобалары қарастырылған. Осыдан кейін бұл жобаны елді мекендерде қолға алу жоспарлануда. Осылайша әр ауылда «бір өнім, бір жоба» жүзеге асырып, ауылдар өз брендін қалыптастыру межеленген.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Болашақта өндірілген өнімді ішкі нарыққа жеткізумен қатар экспортқа шығару да жоспарланып отыр.
Жалпы бүгінгі таңда Сауран ауданында мал шаруашылығын дамыту үшін заманауи бордақылау алаңдары салынып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Ескі Иқан ауылдық округінде жұмыс істейтін 15 мың бас мүйізді ірі қараға арналған 30 бордақылау алаңы ауданның мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге арналған. Кейіннен осы жерде 10 мың бас ірі қараға арналған 20 ғимарат салу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауданның өндірістік қуатын арттырып, мал шаруашылығының дамуын жеделдетеді.
Қазіргі уақытта Сауран ауданының 12 ауылдық округінде жалпы ауданы 185 гектар жер учаскесі бөлінген. Онда 2026 және 2027 жылдар аралығында 292 бордақылау алаңын салу жоспарлануда. Жобаның негізгі ерекшелігі – инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа біріктіру арқылы тиімділікті арттыру, өндіріс шығындарын азайту және сапаны жақсарту.
Бұдан бөлек, Бабайқорған ауылдық округінде 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қайта өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда және толық іске қосылғанда өңірдің ет өндіру мен өңдеу саласындағы әлеуетін едәуір арттырмақ.
Жоба жалпы 20 гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде бордақылау алаңы, мал сою, ет өңдеу және сақтау кешені салынады. Жоба құны – 3,02 миллиард теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылы басталса, толық іске қосу мерзімі – 2026 жылдың II жартыжылдығына жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқанда 60-қа жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Бұл – тек ет өндірісі емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастама болып отыр.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, жоғарыда аталған кешендер іске қосылған соң, Сауран ауданы ет өнімдерін өндіріп, қайта өңдеп, дайын күйінде ішкі және сыртқы нарыққа ұсынатын әлеуетті орталыққа айналмақ.


