Сауран ауданы: Өнімі ел талғамынан шығуда

Oinet.kz 06-08-2026

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін ауыл тұрғындары да көруде. Мәселен, Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында кәсіпкер Анажан Муслимова «Ауыл аманаты» жобасы аясында кондитерлік цех ашқан болатын. Бүгінде жұмысын жолға қойған кәсіпкер 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол өз жобасын жүзеге асыру үшін қаржы ұйымдарынан жоба аясында 7 миллион теңге несие алыпты.
          Бүгінгі күні бағытын аздап өзгерткен жобаның аясында төмен пайызбен несие рәсімдеп, өз кәсібін ашқан кәсіпкер ауыл тұрғындарын балауса нан өнімдерімен қамтып отыр.

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік кей елдерде ішкі жалпы өнімнің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де бұл саладағы озық тәжірибелерді үйрену артық болмайды. Жалпы Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың арасында «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық.

Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту және кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан тыс қалған емес. Президентіміздің өткен Жолдауында: «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.
Әрбір кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек» деп атап өткен болатын.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік жыл санап дамып келеді. Оның ішінде, нан және кондитерлік өнімдер өндіретін өндірістің артқаны байқалады. Бұрындары кондитерлік өнім өндірушілер тек аудан орталығында ғана болса, қазір орталықтан шалғайда жатқан бірқатар ауылдарда шағын цехтар іске қосылып, өнімді жұмыс атқаруда. Жоғарыда айтқанымыздай осы кәсіп түрін ауылда дамытып отырған Анажан Муслимова өнімдерін елді мекеннен бөлек Түркістан және Кентау қалаларына, Созақ ауданына және Қызылорда облысының Шиелі ауданына жөнелтілуде.
          – Осы кәсіппен айналысып жатқаныма екі жыл болды. Бұл кәсіпті «Ауыл аманаты» жобасына өтініш беру арқылы 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алып бастаған едім. 7 миллион теңгеге нан өнімдерін шығаратын кондитерлік цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Оларды бір-бірлеп іске қостым. Бірінші бір пешпен жұмыс істесек, енді екінші пешті қосу арқылы өндіріс көлемін арттырып отырмыз. Цехта нан өнімдерінен бастап кондитерлік 25-28 түрлі өнім шығарылады. Оларды балауса күйінде сауда орталықтарына, сондай-ақ тапсырыс берушілердің қолына тапсырамыз. Бізде булочка, барни, пряник, печение, кекс пен коржик тағы басқа тәтті кондитерлік өнімдер сұраныста. Сұраныс күннен күнге артса да, бірінші кезекте ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырамыз, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің өзі айтқандай, ауылда да тұтынушының қарасы мол. Оның ауылда кәсіпкерлікпен айналысу ісін бір жағынан ерлік дерсің… Олай болатыны, цехқа қажетті шикізаттың барлығын күнделікті аудан, облыс орталығынан тасымалдап әкелуің қажет. Міне, осындай басқа да қиындықтарға қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буған Анажан Муслимова «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытымен алынған несие бүгінде ел талғамынан шығуда.

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жобаның аясында жұмыс істеп, жаңадан кәсіп ашуға ниетті ауыл азаматтары арта түскен. Осының нәтижесінде, қазір ауданға қарасты бірқатар ауылдың азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары өткен жылы басталып, биыл да жалғасу үстінде.

Ендігі кезекте Анажан Муслимова мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Сауран ауданы. Кәсіпке деген адалдық
Астанада су үнемдеу саласында оқушылардың зерттеулеріне арналған AQUA LAB зертханасы таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу