Шымкентте әлеуметтік қолдау күшейді
Шымкент қаласында соңғы жылдары әлеуметтік сала айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қарттарға арналған бірқатар нысандар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Қаладағы ең көне мекемелердің бірі саналатын №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы алғаш рет 1,3 млрд теңге қаржыға толықтай күрделі жөндеуден өтті. 58 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл орталық енді заман талабына сай жаңа келбетке ие болды. Мұнда ерекше балалардың ем алуына, білім мен дағдысын дамытуына, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, №5 «Аялы алақан» орталығының аумағы кеңейтіліп, демеушілердің қолдауымен жаңа ойын алаңы салынды. Қазір мұнда балаларға арналған шағын саябақ пен тынығу аймағы жасақталуда. Бұл бастама ерекше күтімді қажет ететін балалардың өмір сапасын жақсартуға және олардың қоғаммен етене араласуына мүмкіндік береді.
Қарттарға арналған әлеуметтік қолдау жүйесі де кеңейіп отыр. 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Ізетті зейнеткер» орталығы бүгінде Бозарық шағынауданында жаңа ғимаратқа көшіп, 120 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда зейнеткерлерге медициналық және емдік қызмет көрсетіліп, мәдени-сауықтыру шаралары ұйымдастырылады. Төрт мезгіл тамақтану, демалыс бөлмелері мен оңалту кабинеттері қарастырылған.
Бұдан бөлек, Нұрсәт шағынауданында 2024 жылы ашылған «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жаңа бөлімшесі зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашты. Мұнда түрлі үйірмелер, шығармашылық шеберханалар мен денсаулықты нығайту бағдарламалары іске қосылған.
Қала әкімдігі ересек жастағы ерекше жандарға да ерекше назар аударып отыр. Қазір №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан қосымша 50 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. 1,9 млрд теңге құрайтын бұл жоба осы жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп күтілуде. Жаңа нысанда арнайы оңалту бөлмелері, физиотерапия кабинеттері және еңбекпен емдеу орталықтары қарастырылған.
Ал Бозарық шағынауданында тағы бір ірі жоба жүзеге асырылуда, 5 гектар аумақта 150 орындық заманауи оңалту орталығының құрылысы басталды. Құны 13,8 млрд теңге болатын бұл кешен ерекше күтімге мұқтаж балалар мен ересектерге медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызмет түрлерін бір орталықтан алуға мүмкіндік береді. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.


