Шымкент: Спорт саласы жаңа деңгейге көтерілуде

Oinet.kz 29-10-2025 18

Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Screenshot_13.jpg

Бүгінгі таңда мегаполисте 855 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 568-і – дене шынықтыру және спорт бағытында, 253-і – білім беру ұйымдарында, ал 34 нысан спорт мектептерінде орналасқан. Солардың 172-сі жекеменшік болып табылады. Бұл көрсеткіш  қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығының артып, инфрақұрылымның жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын дәлелдейді.

Биыл қалада бес жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде Қаратау ауданында 26 гектар аумақта жаңа футбол стадионы бой көтеруде. Бұл нысанның құрылысы 2026–2027 жылдары толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Абай ауданындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында және №2 Оқушылар сарайы жанында модульді спорт нысандары салынуда. Жобаны «Қазақстан халқына» қоры қолдап отыр. Аталған нысандар 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Бұдан бөлек, Бадам және Қарабастау елді мекендерінде де екі жаңа спорт ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар ПКОП компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылуда. Аталған нысандарды биыл қараша айында тапсыру көзделген.

Қаланың даму жоспарында алдағы жылдары да ірі жобалар бар. Солардың бірі Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің құрылысы. Бұл нысан ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған заманауи орталық болмақ. Сондай-ақ, Қаратау ауданындағы Тұран шағын ауданында 2,4 гектар аумақта дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ал Базарқақпа тұрғын алабында стадион аумағында қосымша спорт нысанының құрылысы жоспарланып отыр.

Бұған қоса, қолданыстағы нысандарды жаңарту мен жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда «Мұз сарайы», «Локомотив» стадионы, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі және Шаумяна көшесіндегі футбол алаңы жөндеуден өтуде. Сонымен бірге, демеушілер есебінен Қажымұқан атындағы орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, «Орталық су спорт кешеніндегі» жөндеу әлі жалғасуда.

Тақырыпқа тұздық. Қала тумасы, талантты таеквондошы Нодира Ахмедова Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, Қазақстан әйелдер құрамасына алғашқы жүлдені сыйлады.

49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы жартылай финалда Қытайлық Тайпей елінің өкілі Ю Юн Люден ұтылып, жарысты үздік үштікте аяқтады. Чемпионат барысында ол Бразилия, Канада және Тайланд спортшыларын тізе бүктіріп, жоғары деңгейлі шеберлігін көрсетті. Нодираның жеке бапкері – Ризаев Давран.

Айта кету керек, бұл Нодира Ахмедованың спорттық мансабындағы ең үлкен жетістік. Сонымен қатар, бұл жеңіс Қазақстан әйелдер таеквондосы тарихындағы маңызды оқиға. Себебі біздің спортшылар әлем чемпионатында соңғы рет 2007 жылы Бейжіңде жүлдеге ие болған еді.

Осылайша, Нодира Ахмедова араға 18 жыл салып, қазақ таеквондосының әйелдер арасындағы абыройын қайта жаңғыртты. Бұл жеңіс тек бір спортшының емес, күллі елдің мақтанышы және спортсүйер жастарға шабыт сыйлаған жарқын оқиға болды.

Шымкентте әлеуметтік қолдау күшейді
Шымкентте «Мың жүйрік» республикалық жобасының жеңімпаздары марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу