Шымкентте интернет сапасы жақсарып, цифрлық желі қамтылуы кеңейді
Шымкент қаласында мобильді интернет пен байланыс сапасын арттыру бағытында соңғы жылдары қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Цифрлық инфрақұрылымның дамуы бүгінде қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдегендей, қазіргі таңда мегаполис аумағында мобильді байланыс операторларына тиесілі 1740 базалық станция жұмыс істеп тұр. Оның ішінде «Кселл» АҚ – 784, «Кар-Тел» ЖШС – 506 және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС – 450 станция иелігінде.
2023 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталған болатын. Осы олқылықтарды жою мақсатында арнайы Жол картасы қабылданып, жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылды. Соңғы үш жылда 295 жаңа базалық станция орнатылып, 398 станция жаңғыртылды. Бұл өз кезегінде қала аумағында интернет пен байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Заманауи технологияларды енгізудің арқасында бүгінгі күні 361 станция 5G жиілігінде жұмыс істейді. Осы нәтижесінде әлсіз сигнал байқалатын аймақтар саны небәрі 11 нүктеге дейін қысқарған. Қазір байланыс операторлары жаңа антенна-мачталық құрылғылар мен қос мақсаттағы тіректерді орнатып, станцияларды іске қосу мерзімін қысқарту бағытында да жұмыс жүргізуде.
Мобильді желіден бөлек, Шымкент қаласында кең жолақты интернет желісін дамыту ісі де жүйелі түрде жалғасуда. 2021 жылдан бері жеке инвесторлардың қатысуымен қаладан шалғай орналасқан 60-қа жуық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Соның арқасында 500 мыңнан астам тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Биыл бұл бастама жалғасын тауып, қосымша 23 елді мекенге оптикалық желі орнату жөнінде келісім жасалды. Қазіргі таңда оның ішінде Жайлау, Көксай, Азат, Химфарм, Ынтымақ-2, Қатын көпір, Орманшы, Қорғасын, Сайрам, Айнатас, Құлагер, Жасдәурен, Ақтас-2, Мәртөбе сияқты елді мекен тұрғындары интернетке қосылып үлгерген.
Қалған 10 елді мекеннің сегізінде интернет желісін орнату жұмыстары қараша айында, ал Исфиджап пен Қайнарбұлақ елді мекендері желіге желтоқсанда қосылмақ. Бұл шаралар нәтижесінде Шымкент қаласы тұрғындарының барлығы жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізіп, мегаполистің цифрлық даму деңгейі жаңа сапалық кезеңге көтеріледі.


