Келешекке бағытталған жобалар
Шымкент қаласының спорт инфрақұрылымын дамыту стратегиясы тек бүгінмен шектелмейді. Алдағы кезеңде қалада үш ірі спорт нысанының құрылысы қолға алынбақ.

Оның ішінде Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс 2026–2027 жылдары басталады. Бұл нысан ерекше қажеттілігі бар спортшылар үшін тең мүмкіндіктер орталығы болмақ.
Бұдан бөлек, Қаратау ауданының Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы көзделген. Жоба демеушілер есебінен әзірленіп, 2,4 гектар аумақты қамтиды. Ал Базарқақпа тұрғын алабында стадион аумағында қосымша спорт кешені салынбақ.
Жаңа нысандар салумен қатар, қала әкімдігі қолданыстағы спорттық инфрақұрылымды жаңарту мен сақтау ісін де назардан тыс қалдырмаған. Биыл «Мұз сарайы», «Локомотив» стадионы, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі мен Шаумяна көшесіндегі футбол алаңы жөндеуден өтуде.
Сонымен қатар Қажымұқан атындағы орталық стадион демеушілердің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған кейіпте қала спортының мақтанышына айналды. Ал «Орталық су спорт кешенінде» күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Шымкент әкімдігі шалғайдағы тұрғындарға да спорт нысандарын қолжетімді ету бағытында нақты қадамдар жасауда. Қазіргі таңда 4 жер учаскесі заңдастырылып, құрылыс басқармасына ұсынылған. Бұл жерлерде ашық спорт алаңдары мен жаңа кешендер салу көзделіп отыр.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер есебінен үш спорт нысанының құрылысы басталады. Оның қатарында №4 спорт мектебінің байдарка және каноэ базасында қосымша нысандар, Қайтпас шағынауданындағы №58 мектеп орнына салынатын дене шынықтыру кешені және ипподром аумағындағы қонақүй мен атқора кешені бар.
Бүгінде Шымкент спортшылары халықаралық ареналарда да жетістіктерге жетіп келеді. Бұл — қалада қалыптасып келе жатқан спорттық экожүйенің жемісі. Спорт нысандарының көбеюі, инфрақұрылымның жаңаруы және халыққа қолжетімділіктің артуы — дені сау, белсенді қоғам қалыптастырудың кепілі
Мегаполис басшылығының көздегені де — әрбір тұрғынның спортпен айналысуына мүмкіндік беру. Осы бағыттағы ілгерілеу Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды драйверлердің біріне айналып отыр.


