Шымкент – заманауи білім мен инновация орталығына айналып келеді
Бүгінде Шымкент қаласы тек өндіріс пен кәсіпкерлік орталығы ғана емес, сонымен қатар білім мен ғылымның жаңа бағыттарын қалыптастырып келе жатқан мегаполиске айналып отыр.

Соңғы жылдары қаладағы жоғары оқу орындары өздерінің инфрақұрылымын жаңартып, цифрлық трансформацияны жеделдету арқылы білім сапасын арттыруға күш салуда. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған басты басымдықтардың бірімен үндес.
Шымкент қаласында бүгінгі таңда оннан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді. Солардың бірі – Жұмабек Тәшенов атындағы университет, білім беру мен ғылымды ұштастырып, инновациялық орта қалыптастыруда көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі саналады. Мұнда жасанды интеллект, робототехника, IT-технологиялар, бизнес және менеджмент бағыттарында заманауи бағдарламалар іске асырылып келеді. Университет базасында ашылған EDU AI атты жасанды интеллект және робототехника орталығы студенттердің жобалық және тәжірибелік білім алуына мүмкіндік беруде. Бұл платформа оқу процесін автоматтандырып қана қоймай, еңбек нарығымен тікелей байланыстыру арқылы түлектердің сұранысқа ие маман болып шығуына жол ашады.
Сондай-ақ, университеттің 24/7 режимінде жұмыс істейтін жаңа үлгідегі кітапханасы – студенттер мен оқытушылар үшін цифрлық және білім беру кеңістігіне айналды. Бұл бастамалар білім сапасын арттырумен қатар, жастардың өздігінен іздену, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.
Халықаралық әріптестік те кеңеюде. Шымкенттегі жоғары оқу орындары Ұлыбритания, Корея және Түркия университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асырып, ағылшын тілінде білім беретін жаңа бағыттарды дамытып отыр. Бұл – шымкенттік жастардың әлемдік білім кеңістігіне енуіне және бәсекеге қабілетті маман болуына мүмкіндік береді.
Қаланың білім беру инфрақұрылымының жаңғыруы тек оқу орындарымен шектелмейді. Заманауи жатақханалар, спорттық және зертханалық кешендер салынуда. Бұл өз кезегінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, жастардың ел ішінде сапалы білім алуына жағдай жасап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мегаполистегі білім беру саласының осындай серпінді дамуы қала экономикасына да тікелей әсер етуде. Білікті мамандардың көптеп даярлануы кәсіпкерлік, инновация және технологиялық секторлардың дамуына серпін беріп, Шымкентті интеллектуалды және өндірістік әлеуеті жоғары аймаққа айналдыруда.
Бүгінде Шымкент – жаңашыл жастардың қаласы. Мұнда білім мен ғылымның, бизнес пен технологияның өзара байланысы күшейіп, жаңа буын мамандардың қалыптасуына жағдай жасалуда. Бұл үрдіс қала экономикасының тұрақты өсуіне және өңірдің жалпы ұлттық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.


