Шымкентте спорттық инфрақұрылым кеңейіп, жаңа серпін алды

Oinet.kz 29-10-2025 21

Шымкент қаласы бүгінде тек өндіріс пен құрылыс қарқынымен емес, әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымның дамуы арқылы да ел назарында. 

Screenshot_2.jpg

Мегаполистің тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау — қала әкімдігінің басты басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Шымкент бүгінде еліміздегі спорттық инфрақұрылымы ең белсенді дамып жатқан қалалардың қатарына қосылып отыр.

Қала аумағында қазіргі таңда 855 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 568-і – дене шынықтыру және спорттық бағыттағы нысандар, 253-і – білім беру ұйымдарында, ал 34-і спорт мектептерінде орналасқан (оның ішінде 172-сі жекеменшік). Бұл көрсеткіш тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы мен қолжетімділігінің артқанын аңғартады.

2025 жылы Шымкентте 5 жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Бұл жобалар қаланың әр ауданында теңдей жүзеге асырылып, халыққа жақын инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Қаратау ауданында жаңа футбол стадионының құрылысы жүріп жатыр. Жалпы жер аумағы 26,1 гектарды қамтитын нысан 2026–2027 жылдары пайдалануға берілмек. Бұл стадион халықаралық стандарттарға сай салынған алғашқы қалалық арена болмақ.

Сонымен қатар, Абай ауданындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында және №2 оқушылар сарайы аумағында модульді жылдам құрастырмалы спорт нысандары бой көтеруде. Бұл жобалар «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асып, 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Еңбекші ауданындағы Бадам және Қарабастау елді мекендерінде де екі модульді спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар ПКОП компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылып, 2025 жылдың қазан–қараша айларында аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетейік, спорттық инфрақұрылым – тек дене шынықтыруға арналған нысандар жүйесі ғана емес, ол қоғамның мәдени және әлеуметтік дамуының айнасы. Қалалар мен ауылдарда спорт алаңдарының, стадиондардың, фитнес орталықтардың, жүзу бассейндерінің көбеюі – халықтың денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді өткізуге, жастардың теріс әдеттерден аулақ болуына зор мүмкіндік береді.

Шаһар экономикасы – тұрақты өрлеу жолында
Келешекке бағытталған жобалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу