Шаһар экономикасы – тұрақты өрлеу жолында

Oinet.kz 29-10-2025 19

Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бұл – қалаға инвестиция тарту бағытында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі. 

Screenshot_1.jpg

Биылғы жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша мегаполиске 233 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға жоғары көрсеткіш. Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, 2025 жылы Шымкентке 1 трлн 54 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Қаланың экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында 2025–2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында 112 жаңа кәсіпорын ашу жоспарланған. Осы мақсатта арнайы инвестициялық жобалар пулі әзірленген. Бұл жобаларға 406 млрд теңге инвестиция тартылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Аталған бесжылдық жобалар топтамасының жүзеге асуы биылдан басталды. 2025 жылы Шымкентте 73 млрд теңге көлеміндегі 22 жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Соның нәтижесінде 1,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Солардың бірі – биыл наурыз айында іске қосылған «QazAlPack» алюминий қаптама зауыты.

Жобаларды жүзеге асыру өнеркәсіп өнімінің көлемін 50 млрд теңгеге ұлғайтып, экспорт көрсеткішін 18 млн АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Инвестиция тарту ісін жеңілдету үшін инвесторларға инженерлік инфрақұрылымы дайын өндірістік аймақтардан жер телімдері ұзақ мерзімді жалға беріледі. Сонымен қатар кәсіпорындар коммуналдық қызметтерді төмендетілген тарифпен пайдалана алады. Ал арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі таңда қала аумағында жалпы 1276 гектар жерді қамтитын 7 өндірістік алаң жұмыс істейді. Олардың қатарында 2024 жылы іске қосылған «Жұлдыз» (306 гектар) және «Бозарық» (132 гектар) индустриалды аймақтары бар.

Инвесторлармен ашық және тиімді диалог орнату мақсатында көпдеңгейлі қолдау инфрақұрылымы қалыптасқан. Бұл жүйе инвестициялық капитал тартудың ашықтығын, тұрақтылығын және болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Елдік және шетелдік капитал қатысатын жобалар бастамашыларына инвестициялық келісімшарттар жасауға жан-жақты көмек көрсетілуде.

Қала экономикасына тартылатын инвестиция көлемін арттыру үшін Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 24 қаңтардағы №248 қаулысымен «Shymkent Invest – Front office» Инвестиция тарту және инвесторларды қолдау орталығы» ЖШС құрылған.

Аталған орталықтың негізгі міндеттері – қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған талдамалық зерттеулер жүргізу, инвесторлардың қызметіне сүйемелдеу көрсету, Шымкенттің инвестициялық имиджін ілгерілету және инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде ашық ақпарат ұсыну. Сонымен қатар орталық инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ
Шымкентте спорттық инфрақұрылым кеңейіп, жаңа серпін алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу