«Салт-дәстүр – ата-бабамыздан қалған аманат»
Халқымыздың тарихы мен мәдениеті оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында жатыр. Сол дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халықтың болмысын, тәрбиесін, дүниетанымын қалыптастырған.

Алайда бүгінгі заманда, технология мен ақпараттың қарқыны артып, жаһандану ықпалы күшейген тұста, ұлттық салтты сақтау бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды.
Осы мәселе төңірегінде Шымкент қалалық Абай кітапханасының кітапханашысы Мақсат Өтеповпен әңгімелескен едік. Ол: «Салт-дәстүр ұрпақтан ұрпаққа табысталып келе жатқан аманат. Біздің ата-бабамыздан қалған әр дәстүрдің, әр ғұрыптың астарында өмірлік тәжірибе, тәрбие мен адамгершілік жатыр. Қазіргі жастардың кейде ондай дәстүрді ескілік деп қабылдауы түсінікті, бірақ біз оны қайта түсіндіруіміз керек. Кітапханада жұмыс істегендіктен, мен әрдайым балалар мен жастарға тек кітаптан білім беріп қана қоймай, олардың рухани мәдениетін де қалыптастыруға тырысамын. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымыздың мәнін жеткізуге болады», – дейді ол.
Мақсат Өтеповтің айтуынша, дәстүрді күнделікті өмірде қолдану оның өміршеңдігін сақтайтын басты жол. Егер біз салт-дәстүрімізді күнделікті өмірде ұстансақ, дәстүр тек кітапта қалмай, өмірге еніп, ұрпаққа өз мәнін көрсетеді», – дейді ол.
Кітапханашының пікірінше, кітап дәстүрді жеткізудің ең сенімді құралы. «Кітап – тарихты сақтаушы, рухты тәрбиелеуші. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеген, жазған кітаптар балаларға өткен мен болашақты байланыстырады. Оларды тек оқып қана қоймай, өмірге енгізу керек. Мысалы, жылқыны күту дәстүрінен бастап, той-думанды дұрыс ұйымдастыруға дейін әр нәрсе тәрбиеге негіз болады», – дейді.
Салт-дәстүрдің маңызды қасиеті оның қарапайымдылығы мен өміршеңдігі. «Қарапайым дәстүрлер үлкен сабақ. Бала өз отбасының дастарханынан, үлкендердің әдепті іс-әрекетінен бәрін үйренеді. Сол арқылы рухани мәдениеті қалыптасады», – дейді кітапханашы.
Қорытындылай келе айтпағымыз, Мақсат Өтепов дәстүрді сақтау тек өткенге тағзым емес, болашаққа қамқорлық екенін атап өтті. Ұрпаққа аманат болып қалған салт-дәстүр арқылы ғана ұлттық рухымыз тірі қалмақ. «Егер біз дәстүрді күнделікті өмірде ұстансақ, оны оқытып, түсіндірсек, ұрпаққа тек тарих емес, өмірлік сабақ қалдырамыз. Дәстүр тек өткеннің көлеңкесі емес, болашақтың шамшырағы», – дейді ол.
Аида РЫСБЕКҚЫЗЫ

 
  
  
 




