Қазақылықтьың тірегі – салт пен сана
Уақыт алға жылжыған сайын өмір ырғағы өзгереді, бірақ адамзаттың рухани іргетасы сол қалпы қалуы керек. Салт-сана мен әдет-ғұрып – ұлттың коды, оны жоғалту тамырдан айырылумен тең.

Бұл туралы Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркін Шымырқұлов: «Дәстүр дегеніміз ұлттың мінезі. Қазақтың әр салтының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Біз кейде дәстүрді өткеннің ескілігі сияқты қабылдаймыз. Ал шындығында, дәстүр тірі ағза секілді: егер оны сақтамасаң, ол өледі. Театр сахнасында да мен ұлттық мінезді, қазақы болмысты жеткізуді парыз деп білемін. Өйткені көрермен сахнадан тек кейіпкердің тағдырын емес, өзінің болмысын көруі керек», – дейді актер.
Еркін Шымырқұловтың айтуынша, бүгінгі ұрпаққа дәстүрді ұғындырудың ең тиімді жолы өнер арқылы жеткізу. «Сахнада біз тек рөл ойнап тұрған жоқпыз, біз ұлттың рухын сөйлетеміз. Мысалы, бір кейіпкердің сәлем беруі, үлкенге иілуі немесе бата сұрауы осының бәрі көрерменге емеурін арқылы тәрбие береді. Өнер дегеніміз көркем тілдегі насихат», – дейді ол.
Актердің пікірінше, ұмыт қалған салтты жаңғыртудың жолдары көбейіп келеді. «Қазір жастар ұлттық киімге, домбыраға, қазақша ән мен фольклорға қайта қызыға бастады. Қызығушылықты құндылыққа айналдыру үшін біз дәстүрді өмірдің бір бөлігіне айналдыруымыз керек. Ол тек сахнада, тойда немесе мейрамда ғана еске алынбауы қажет», – дейді Еркін Шымырқұлов.
Шынында да, салттың мәні оның салтанатында емес, қарапайымдылығында жатыр. Қазақтың бір дастарханының өзінде үлкен тәрбие бар: үлкенге жол беру, асқа бата алу, дастархан басында дау айтпау – бұлардың бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени кодтар. Бұл дәстүрлер тек отбасылық әдеп емес, ұлттың өркениеттік өлшемі.
«Қазақ ешқашан артық сөйлемеген, айқайлап ақыл айтпаған, бәрін ишарамен, ырыммен жеткізген. Сол көркемдікті, сол сабырды біз қайта жаңғыртуымыз керек. Егер дәстүр жоғалса, ұлттық мінез де солармен бірге жоғалады», – дейді театр актері.
Еркін Шымырқұлов дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің кілті отбасыда екенін айтады. Себебі бала әкенің сөзінен, ананың ісінен, үлкеннің өнегесінен тәрбие алады. «Қазіргі заманда тәрбиені әлеуметтік желі емес, отбасы беруі керек. Біз неге ата-баба дәстүрін дәріптеуіміз керек? Себебі ол адамгершілік мектебі. Сол дәстүр арқылы біз ұлт болып қалыптастық, ұлт болып сақталамыз», – деп түйіндейді ол.
Аида ӨТЕП

 
  
  
 




