Мәдени мұраның мәйегі – салт-дәстүр

Oinet.kz 23-10-2025 47

Қазақ халқының ұлттық болмысын айшықтайтын, рухани тірегін нығайтатын ең маңызды құндылықтардың бірі салт-дәстүр мен әдет-ғұрып. Ұлттың өмір салты, мәдениеті мен дүниетанымы осы дәстүрлердің негізінде қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Screenshot_25.jpg

Бүгінгі таңда қоғам жаңарып, заман түрленгенімен, ата-баба дәстүрінің қадірі мен маңызын сақтау рухани жаңғырудың өзегі болып отыр. Өйткені дәстүр  өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір.

Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова бұл жөнінде өз пікірін былай білдірді:

«Салт-дәстүр ұлттың жаны, оның рухани тірегі. Егер біз дәстүрден ажырасақ, өз болмысымызды жоғалтамыз. Қазақтың әр әдеті, әр ғұрпы өмір мектебі. Мысалы, “Бата беру”, “Сәлем салу”, “Шашу шашу”, “Тұсаукесер”, “Қыз ұзату” сияқты дәстүрлердің барлығында терең мән бар. Бұл – адамды ізгілікке, сыйластыққа, қоғаммен үйлесімде өмір сүруге баулитын рухани жүйе», – дейді ол.

Анар Жаппарқұлованың айтуынша, қазіргі жастар дәстүрді тек рәсім ретінде емес, рухани бағдар ретінде қабылдауы қажет. Себебі, ата-баба салты  ұлттың тәрбиелік мектебі, ұлт болып ұйысудың іргетасы.

«Кітапхана тек білім ордасы емес, ұлт жадын сақтайтын, руханият ордасы. Бізде салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа арналған әдебиеттерді, халық мұрасын насихаттайтын түрлі көрмелер мен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Сол арқылы жастардың өз тамырына, өз мәдениетіне деген қызығушылығын оятуға тырысамыз», – дейді ол.

Расында да, дәстүр – ұлттың рухани ДНҚ-сы. Ол ұмытылса, қоғам тамырынан айрылады. Сондықтан салт-дәстүрді жаңғырту тек мәдени міндет емес, ұлт болашағы алдындағы жауапкершілік. 

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ұлттың рухани байлығы, мәдени мұрасы әрі тәрбие көзі. Әрбір ғұрып пен әдет-ғұрып ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің, даналықтың нәтижесі ретінде қалыптасқан. Бүгінгі күнде жаһандану үдерісі жүріп жатқан тұста ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді ұмытпай, оны жаңғырту – болашақ ұрпақтың парызы. Салт-дәстүр тек өткеннің қалдығы емес, ол – ұлттық бірегейлікті сақтаудың, елдігімізді танытудың басты тетігі. Сондықтан да, әрбір қазақ азаматы өз мәдениетін қадірлеп, салт-дәстүрін дәріптей білсе, ұлтымыздың рухы асқақтап, тамыры тереңге жая береді.

Аида ӨТЕП

Дәстүр – ұлттың рухани иммунитеті
Шымкент мұнайшыларының мерейлі белесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу