Дәстүр – ұлттың рухани иммунитеті
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дүниетанымы – салт-дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы ұлттың жанына сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Әрбір дәстүрдің астарында терең мағына, тәрбиелік мән, ұлттың болмысын айқындайтын рухани құндылық жатыр.
Қазіргі жаһандану дәуірінде қазақтың ұлттық кодын сақтаудың ең тиімді жолы дәстүр сабақтастығын үзбеу. Осы орайда, дәстүрлі өнер мен ұлттық рухты дәріптеп жүрген Шымкент қалалық Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов былай дейді:
«Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттың тамыры. Ол халықтың мінез-құлқын, болмысын, мәдениетін айқындайды. Біз “дәстүр” деген сөзді көбіне рәсіммен ғана байланыстырамыз. Ал шындығында дәстүр – өмір сүрудің ұлттық үлгісі, ұлттың рухани иммунитеті. Егер ұлт дәстүрінен алыстаса, тамырынан ажырайды», – дейді ол.
Біржан Байтуовтың айтуынша, бүгінгі жастар үшін дәстүрдің қадірін түсіну рухани тәрбие мен мәдени сана қалыптастырудың ең басты қадамы.
«Біздің мектептің басты мақсаты жас буынға дәстүрлі өнерді үйрету ғана емес, сол өнер арқылы ұлттың рухын бойына сіңіру. Айтыс, жыр, терме, күй секілді өнердің барлығы – халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір философиясының көрінісі. Әр өлең мен күйдің түбінде салт бар, тағылым бар, тәлім бар», – дейді айтыскер ақын.
Расымен де, ұлттық өнер мен салт-дәстүр бір-бірімен етене байланысты ұғымдар. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, қуанышы мен қайғысы, нанымы мен сенімі — бәрі де осы дәстүрлер арқылы өріліп, ұлт болмысының бөлшегіне айналған.
Қазақтың «Жеті ата», «Шілдехана», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Қыз ұзату» сияқты салттары — ұрпақтың өмірге, қоғамға, отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастырады. Ал осының бәрін өнер мен сөз арқылы жеткізу – дәстүр жалғастығының ең әдемі көрінісі.
«Ұлттық дәстүрді жаңғырту – өткенді қайталау емес, оны заман талабына сай ұрпақ санасына қайта сіңіру. Біз дәстүрді дәріптей отырып, ұлттың рухын тірілтеміз. Өнер мен дәстүр егіз ұғым. Сол егізді бөлмей, сабақтастыра білу – біздің міндетіміз», – дейді Біржан Байтуов.
Салт-дәстүр – ұлттың рухани тамыры, ал сол тамырды күтіп-баптау әр буынның парызы. Ұлттық құндылыққа құрмет пен сүйіспеншілік арқылы ғана қазақ қоғамы болашағына сеніммен қадам баса алады. Әлбетте, салт-дәстүріміз арқылы ғана қазақтығымызды сақтап қала аламыз.
Аида ӨТЕП


