«Құрсақ шашу» мен «гендер патидің» тәрбиелік мәні қандай?

Oinet.kz 23-10-2025 54

Бүгінгі таңда қазақ қоғамында «Құрсақ шашу» атты ұлттық дәстүріміз және батыстан келген «Гендер пати» атты жаңа тренд қатар өмір сүріп, өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсуде. 

Screenshot_17.jpg

Екі іс-шараның да мақсаты – жүктілік қуанышын бөлісу және болашақ ананы құрметтеу болғанымен, олардың тәрбиелік мәні әртүрлі. «Кезінде келіні жүкті болғанда енесі «құрсақ шашу» дәстүрін жасаған. Сондай-ақ, енесі келіннің жүкті болғанын естігенде есікке ақтық (ақ шүберек) байлап қойған. Мұны көрген көрші-қолаң, абысындар, тіпті, жолаушылар бұл үйде жүкті әйелдің бар екенін түсініп, баланы шошытып алмауды ойлап, ол үйге баса-көктеп кірмеген. Ақтықты көрген абысындар келіннің жерік асын апарып беріп отырған, - дейді қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының ғылыми қызметкері Ләззат Кәдірбек.

Орталық маманның айтуынша, гендер патидегі қатты шу, салют ату, шарды жару жүкті ананың ішіндегі шаранныңа секем алуы мүмкін деген пайымын айтады. Этнопедагогика саласын зертеуші ғалым, Әуезов университетінің п.ғ.д., профессор Асма Қалыбекованың айтуынша, «Құрсақ шашу – қазақ халқының дәстүріндегі ерекше, қуаныш пен берекені паш ететін, болашақ анаға құрмет көрсетуге негізделген салтанатты рәсім. Бұл салт әйелдің жүкті болғаны белгілі болғанда, әсіресе тұңғыш балаға аяғы ауырлағанда немесе ұзақ уақыт бала сүйе алмай, перзент сүйіншісін естігенде жасалатын дәстүр» дейді.Оның айтуынша, құрсақ шашудың басты мағынасы – сүйінші хабарды жақындармен бөлісу, болашақ анаға қолдау көрсету және сәбидің аман-есен дүниеге келуін тілеу. Бұл рәсімде әйелдің құрсағына береке дарып, нәрестенің дені сау, бақытты болуына деген ізгі ниет білдіріледі. Бұл салт арқылы ана мен бала ерекше құрметке ие болады. Ананың денсаулығына, көңіл-күйіне мән беру, оның аяғы ауыр кезеңін жеңілдетуге атсалысу – дәстүрдің негізгі өзегі. Құрсақ шашу, әдетте, болашақ ананың үйінде немесе оған жақын туыстарының бірінің үйінде өткізіледі. Тойға арнап мол дастарқан жайылады. Бұл – үйге құт-береке кіруінің, келер ұрпақтың ырысты болуының нышаны. Келген туыстар, көрші-қолаңдар болашақ анаға арнап сыйлықтар (жаңа киім, тағамдар немесе нәрестеге қажетті заттар) әкеледі. Үлкендер, әсіресе көп балалы, өнегелі әжелер мен аталар ана мен баланы құттықтап, ақ бата береді. Батада көбіне:«Жүгі жеңіл болсын!», «Аман-есен босанып, бауырыңа бас!», «Перзентің елінің азаматы болсын!» деген сияқты тілектер айтылады. Қазіргі заман – ғылым мен технология дәуірі. Бірақ ұлттық құндылықты сақтай отырып, оны заманауи қоғамға бейімдеу – маңызды міндет. Бұл ұрпақты тамырынан ажыратпай, жаһандану кезінде өз болмысын жоғалтпауына жол ашады.

«Бесігіңді қадірле, қасиетіңді жоғалтпа»
«КІТАП time - 2025»: 100 кітапты оқырманмен бірге талқылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу