«Бесігіңді қадірле, қасиетіңді жоғалтпа»

Oinet.kz 21-10-2025 44

Бесік әкелу салты – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін, салт-дәстүрге толы, маңызды рәсімдерінің бірі. 

Screenshot_16.jpg

Бұл тек қана жаңа туған нәрестені бесікке бөлеу ғана емес, сонымен қатар, отбасылық құндылықтардың, үлкендерге деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының нышаны болып саналады. Оңтүстік өңірде бесікті сәбидің нағашы жұрты әкеліп, дәстүр сән-салтанатымен аталып өтеді. Ұмытылған дәстүрімізді қайта жаңғыртып жүрген Шымкент қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының ғылыми қызметкері Ләззат Кәдірбектің айтуынша, өмірге келген нәресте өз әкесінің бесігінде жатуы тиіс. Ата-баба дә дәстүрі сондай болған деген уәж айтады.

– Балаға бесік әкелу – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл рәсім «бесік тойымен» байланысты және әдетте нағашы жұртының міндеті саналып келеді. Міндетті түрде тек нағашысы әкелуі керек деген қатаң ереже жоқ — бұл көбіне дәстүр мен өңірлік ерекшеліктерге байланысты. Дегенмен бесік – жас сәбидің алғашқы отауы саналады. Бесік – киелі. Әке жатқан бесікке баласы жатуы тиіс, одан ары қарай немересе, осылай жалғасып кете береді. Ескі бесікті қадірлеп ұстап, ата-бабадан мұра болып қалдырған дұрыс.Қазіргі таңда бір үйде 5 келін түссе, 5 бесік әкелінеді. Шаңырақта бала өмірге көп келіп, әулеттің көбейгені жақсы. Дегенмен бесіктің киесін сақтауымыз қажет, - дейді Ләззат Кәдірбек.

Қазақ халқы үшін бесік – тек сәби жататын орын ғана емес, ұрпақ жалғастығы мен ұлт болмысының терең тамырына байланған қасиетті дүниелердің бірі. Бесік – ананың аялы алақанының, отбасы жылуының, ұлттың рухани тәрбие мектебінің бастауы. Оны халқымыз «киелі», «қасиетті» деп дәріптейді.

Бесікте жатқан бала жарық дүниені алғаш рет сол жерден таниды. Ол – тәртіпке, тыныш ұйқыға, тазалыққа дағдыландырады. Бұл – баланың жүйке жүйесінің қалыпты дамуына да әсер етеді. Қазақы тәрбие бесіктен басталады деген сөз осыдан шыққан.Көшпенді қазақ үшін бесік – өте қолайлы құрал. Атқа мінген ананың бесікті алып жүруі, қоныс аударғанда баланың ұйқысын бұзбай жеткізу – үлкен шеберлік пен өмір сүру салтының ерекшелігіне сай дүниеге келген.

Қазақта «бесікті баспа», «бос бесікті тербетпе», «бесікке қарап жылама» деген тыйым сөздер бар. Бұл – бесіктің бойындағы киені сақтау, оған құрметпен қарау деген сөз. Бос бесікті тербетсе – жамандық шақырады, бала жатпаған бесікке құр қарап жылау – жаман ырым саналады. Мұның барлығы халқымыздың терең наным-сенімі мен өмірлік тәжірибесінен туған.Көптеген қазақ отбасында ата-әжеден қалған көне бесіктер ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бұл – әулеттің, әкенің, ананың жолын жалғастыру, сол кісілердің рухына құрмет білдіру. «Бесігіңді қадірле, қасиетіңді жоғалтпа» деген нақыл сөз осыған меңзейді.

Шымкенттіктер Мұхтар Әуезовтың рухына тағзым етті
«Құрсақ шашу» мен «гендер патидің» тәрбиелік мәні қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу