Шымкенттіктер Мұхтар Әуезовтың рухына тағзым етті
28 қыркүйек - қазақтың ұлы жазушысы, ұлтымызды әлемге әйгілі еткен көрнекті тұлға Мұхтар Әуезовтің туған күні. Даталы күнге орай Шымкентттіктер Әуезовтың рухына тағзым етті.

Әуезов университетіндегі оқу ордасының ұжымы, профессор-оқытушылар қауымы, студент жастар заңғар жазушының 128 жылдығына арнап бас ғимараттың алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Таным мен тағлым ұштасқан жиынға оқу ордамыздың ғылыми қауымы қатысып, Мұхтар Омарханұлының рухына тағзым етті.
- Бүгін қазақ әдебиеті үшін ең айтулы күннің бірі. Себебі биыл бүкіл қазақ әдебиетін жалпақ әлемге танытқан теңдессіз сөз зергері, терең тамырлы ойшыл, қазақ халқын жанындай жақсы көрген ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеге келгеніне 128 жыл толып отыр. Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезі, Абай ауданы Бөрілі қыстағында дүниеге келген. Атасы Әуез Абай Құнанбайұлымен туыстық байланыста болды және болашақ жазушының дүниетанымын қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Мұхтар Омарханұлының өшпес туындалары баршамыз үшін мәңгілік зор олжа болып қалмақ. Ұлы тұлғаның аманатына адал болайық, - деп құттықтау сөзін жеткізген Ернар Иманғалиұлы университет ұжымын ұлы тұлғаның 128 жылдығымен құттықтады.
Бүгінде «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы абайтану, мұхтартану салаларында жемісті еңбек етіп, ұлттық деңгейдегі іргелі еңбектерді жарыққа шығаруда. Мұхтартанулық ғалымдар Әуезовтер әулетімен тығыз байланыс орнатып, қаншама ғылыми жаңалықтарды ұрпаққа мирас етіп келеді. «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Әуезовтің Оңтүстікке сапары», «Әуезов һәм Абай» қостомдығы, сондай-ақ биыл жарық көрген «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты туындылар нағыз абайтану, мұхтартану салаларындағы олжалы дүниелерге айналғаны белгілі.
–– Мұхтар Омарханұлы – қазақ руханиятының теңдессіз тұлғасы. Ол – Абайтану ғылымының негізін қалаған, ұлы ақынның өлеңдері мен шығармаларын ұрпаққа аманаттап кеткен көрнекті ғалым. Әлем әдебиетінің алтын қорына енген «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақтың ұлы перзентін бүкіл дүниежүзіне танытты. Мұхтар Әуезов тек жазушы, ғалым ретінде ғана емес, журналистика саласында да үлкен із қалдырған. Ол 1932 жылы студенттік шағында «Абай» журналын ашып, сол арқылы өз заманының қоғамдық, мәдени ой-пікірін қалыптастыруға зор үлес қосты. Оның өмір жолы – шығармашылық пен ұлтқа қызмет етудің үлгісі, - деді өз сөзінде «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, абайтанушы, мұхтартанушы Ақжол Қалшабек.
Осындай маңызды іс-шаралардың арқасында тұлғаның мұрасы өміршең болып, руханият көгінде жарқырайды!


