«Бес тас» ойынының тәрбиелік мәні қандай?
Қазақ халқының әрбір ұлттық ойынында үлкен маңыз бен мағына жатыр. Бала кезден қарапайым ғана таспен ойнап өстік. «Бес тас» деп аталатын қазақ халқының ертеден келе жатқан зияткерлік және ептілікке негізделген ұлттық ойынын көбіне қыз балалар ойнаған.

Шымкент қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының ғылыми қызметкері Ләззат Кәдірбектің бес тас ойынының ғылыми тұрғыдағы дәлелденген пайдасы туралы тың ақпаратпен бөлісті.
– Қазақ халқының мәдени мұрасында ойындар ерекше орын алады. Олар балаларды еңбекке, ептілікке, логикалық ойлауға және шапшаңдыққа тәрбиелеген. Қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан, бірақ интеллектуалдық және дене дамуы үшін маңызы зор тас ойындары – сол мұраның жарқын бір бөлігі. Қазақтың тас ойындары — тек ойын-сауық қана емес, ол ақыл-ойды жетілдіретін және дене қозғалысын үйлестіретін құнды мұра. Бұл ойындар қарапайым құралдарды (тас, асық) пайдалана отырып, баланың бойына дәлдік, шыдамдылық және ұйымдастырушылық қасиеттерін сіңіреді. Оларды жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау – ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызды жолы. Бес таспен ойнағанда көздің жанарына пайдасы орасан. Ол көзге жаттығу болып есептеледі. Сондай-ақ тастарды жоғары-төмен лақтырғанда алақандағы нүктелерге және саусақ моторикаларына массаж бола отырып, адамның ішкі мүшелерінің жұмысы реттелген, - дейді ғылыми қызметкер. Ендеше ойын ережесін ұмытпау үшін еске салсақ: алдымен бес тас жерге шашылады. Бір тас таңдалып, ауаға лақтырылады. Сол сәтте жердегі бір тасты алып үлгеру керек, содан кейін ауадағы тасты қағып алу қажет. Осылайша кезек-кезек бірден бастап, төрт тасқа дейін бір-бірлеп, екі-екіден, т.б. жинап, әртүрлі күрделі кезеңдерге көшеді. Қателескен немесе ұстай алмай қалған ойыншы кезекті келесі ойыншыға береді.
«Бес тас» — қазақ халқының көнеден келе жатқан зияткерлік әрі ептілікке негізделген ұлттық ойыны. Бұл ойынның тарихы тым тереңде жатыр. Орта ғасырдағы ғұлама ғалым Махмұт Қашқари өзінің әйгілі «Түркі тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «бес тас» ойынына арнайы тоқталып, оның сақ-ғұн тайпаларынан бастау алатынын атап өткен. Демек, бұл — жай ғана ойын емес, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі.
Дәстүр зерттеушілері ұлттық ойынның тағы бір мынадай тәрбиелік мәні бар екенін айтады. Қыз бойжеткен соң, оған сырға тағып, шашына шашбау тағып, бүрмелі көйлек кигізу арқылы әйел затына тән нәзіктікті дәріптеп, сонымен қатар үй шаруасына бейімдеу міндетті болған. Себебі тіршіліктің дені – қос қолмен атқарылатын жұмыс. Міне, осы кезде, шаршаған қыз баланың көңілін сергіту әрі қол қимылын шынықтырып, ептілікке баулу мақсатында үзіліс кезінде «Бес тас» ойынын ойнатқан. Бұл ойын – қыз баланың ұқыптылық, төзімділік, дәлдік секілді қасиеттерін дамытатын тәрбие құралына айналған.


