«КІТАП time - 2025»: 100 кітапты оқырманмен бірге талқылауда

Oinet.kz 22-10-2025 47

«КІТАП time - 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі аясында ШЫмкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалып алынған 100 кітапты кітапханашылар талқылауда. 

Screenshot_18.jpg

Іс-шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайту. Кітапханашылар әр шығарма төңірегінде мазмұнды ой қозғап, оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда.

Кезекті іс-шарада кітапхана қызметкерлері – А.Маматкулова Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы жайлы сол кездегі қоғам жайлы, кейіпкердің бастан кешкен оқиғалары туралы айтса, Г.Қайықбаева Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасынан үзінділер келтіріп, өз ойын әсерлі жеткізді. М.Джайлыбаева Д.Исабековтың «Қарғын» романы, А.Нұрбек Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Л.Қалтаева Т.Әлімқұловтың «Қараой», А.Қынатова А. Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздері, Ү.Алтынбекова Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», С.Байдуллаева И.Есенберлиннің «Көшпенділер» романының жазылу тарихын айтып, өздері сүйіп оқыған кітаптарымен бөлісті.

Сонымен қатар кітап оқуды насихаттау, әдеби мұраны бағалау және оқырман мен әдебиет арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған маңызды мәдени жобаны қолдап, әрбір қызметкер кітап мазмұнына терең үңіліп, өз әсерлерімен бөлісті. Бұл – тек кітап талқылау ғана емес, сонымен қатар ой бөлісу, әріптестер арасында өзара әдеби байланыс, жаңа көзқарастармен танысу, өзгеше отырыс болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен болатын.  Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтті. Осы айтулы күн аясында қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған «100 кітап» жалпыұлттық жобасы іске қосылып, Абай күні қарсаңында қорытындыланды. 3 айға созылған бұл ауқымды сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауларын жасады. Жоба аясында халықтың әдеби талғамы мен сұранысына сай келетін көркем, тарихи және танымдық мәні зор шығармалар іріктелді. Бұл – ұлт руханиятына деген халықтың зор қызығушылығы мен қамқор көзқарасын білдіреді.

«100 кітап» – елдік сана мен әдеби мұраны ұрпаққа жеткізетін, оқырман мен қаламгер арасын жалғайтын алтын көпір.  Ол тек кітап оқу мәдениетін ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті нығайтуға да бағытталған.

Шымкент қаласындағы кітапханаларда 100 кітапты кітапханашылар оқырманмен бірге талқылауды жалғастыруда. 

«Құрсақ шашу» мен «гендер патидің» тәрбиелік мәні қандай?
Шымкентте Қарлығаш Қансейіттің көрмесі қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу