Айыппұл арқалап қалмаңыз!
Қыс маусымы жақындаған сайын табиғи газды пайдалану көлемі артады. Ал бұл өз кезегінде тұрмыстық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға шығарады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы өткізген брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары табиғи газбен байланысты төтенше жағдайлардың тіркелуі тұрғындар арасында сақтық мәдениетін арттыруды қажет етіп отыр. Осы бағытта қала билігі, прокуратура және тиісті мекемелер бірлесіп, нақты шараларды қолға алған.
2025 жылы тіркелген улану оқиғаларына терең талдау жүргізіліп, оның нәтижесінде қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, арнайы жұмыс алгоритмі жасалды. Жаңа тәсіл бойынша қала картасында «қызыл аймақтар» мен қауіп-қатері жоғары учаскелер белгіленіп, сол өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілген. Бұл жүйе тұрғын қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нақты нәтиже беріп отыр.
Аталған бағыттағы жұмыстарды Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асыруда. Мекеме мамандары ең алдымен газдан улану қаупі басым «Самал-3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «Спорт» және «8-шағын аудан» аумақтарында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған. Бұдан бөлек, «Самал-1,2», «Сайрам», «Көксай», «Қызылжар», «Қарасу», «112-орам», «11» және «17-шағын аудандар» тәуекел аймақтары ретінде белгіленіп, сол аумақтарда тұрғындарға арналған ақпараттық жадынамалар таратылған.
Тексеру кезінде кейбір үйлердің ішкі газ жүйелері техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Осыған байланысты «QAZAQGAZ AIMAQ» мекемесіне 2025 абонент бойынша шара қабылдау жөнінде ресми хабарлама жолданды. Қауіп төндірмеу үшін 230 үй уақытша газ жүйесінен ажыратылды, ал 1 795 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, мамандар 810 үйде газ жабдықтарында ақау бар екенін анықтап, кемшіліктер жойылғанша газ беруді тоқтатты. Мұндай қадамның басты мақсаты адам өміріне қауіп төндіретін жағдайдың алдын алу.
Заң бұзған азаматтарға да тиісті әкімшілік шаралар қолданылуда. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 73 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1 миллион 30 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 305-бапқа сәйкес 11 тұрғынға қатысты шара қолданылып, олардың айыппұлы 304 мың 730 теңгені құрады.
Мамандардың сөзінше, улану жағдайларының көпшілігі тұрғындардың газ құрылғыларын өздігінен орнатуынан немесе техникалық қызмет көрсетуді елемеуінен туындайды. Сонымен қатар, желдеткіштің дұрыс орнатылмауы, ауа айналымының жеткіліксіздігі, ескі пештер мен колонкалардың тозуы да негізгі себептердің бірі. Қалалық газ техникалық қызметі тұрғындарға қарапайым, бірақ маңызды ережелерді қатаң сақтауды ескертеді:
– Газ құрылғыларын өз бетімен орнатпау;
– Пеш, колонка және плиталардың техникалық жағдайын уақтылы тексерту;
– Желдеткіш арналарының ашық болуын қадағалау;
– Газ иісін сезсе, бірден есік-терезені ашып, газ көзін жабу және тиісті мекемеге хабарласу.
Жыл сайын күз-қыс маусымы алдында осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары мен профилактикалық тексерулердің жүргізілуі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды іс. Газ иісінің сезілуі- ескерусіз қалдыруға болмайтын белгі.
Шымкент қаласында бүгінгі таңда тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруі мен тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Ал табиғи газбен байланысты қауіп-қатерлердің алдын алу, сол бағыттағы басты басымдықтардың бірі.