Шымкентте пробация есебіндегі азаматтарға қолдау күшейді
Қоғамға қайта оралу әр азамат үшін жаңа өмірдің бастауы. Әсіресе, пробация қызметінің есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жандарға әлеуметтік ортаға бейімделіп, жұмысқа орналасу ең маңызды әрі жауапты кезең.
Осы бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, 2025 жылы аталған санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қаладағы 29 кәсіпорын мен мекемеде барлығы 96 жұмыс орнына квота белгіленген. Оның ішінде 52 орын пробация қызметі есебінде тұрғандар үшін, ал 44 орын бас бостандығынан босатылған азаматтарға арналып отыр. Бұл мемлекет тарапынан қоғамның әр мүшесін еңбекке тартып, олардың жаңа өмірге бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Бүгінгі таңда нәтижелер де көңіл қуантады. Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, пробация қызметі есебіндегі 29 адам мен бас бостандығынан босатылған 12 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, 12 адам квотадан тыс кәсіпорындарға жұмысқа жолданса, 4 азамат қоғамдық жұмысқа, ал 1 адам “Күміс жас” жобасы аясында еңбекке тартылған. Бұған қоса, үшінші тоқсан қорытындысы бойынша үш адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Қаладағы бірқатар кәсіпорындар белгіленген квотаны толық орындап, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Текстильная фабрика B.A.E.R» ЖШС, «ВИЗиТ алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС, «Қаратау» КММ, «Альянс Траст» және «АРТ-Құрылыс» серіктестіктері пробация есебіндегі азаматтарға арналған жұмыс орындарын 100 пайыз орындаған.
Бұл ұйымдар тек еңбек орнын ұсынумен шектелмей, жаңа қызметкерлердің бейімделуіне де көмек көрсетіп отыр. Кейбір кәсіпорындарда арнайы тәлімгерлік жүйе енгізіліп, жұмысқа жаңадан қабылданған азаматтарға кәсіби бағыт-бағдар беру, еңбек тәртібі мен дағдыларын үйрету жұмыстары жолға қойылған.
Осылайша, жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйымдардың ынтымақтастығы әлеуметтік осал топтардың қоғам өміріне қайта араласуына мүмкіндік туғызып отыр. Бұл тек жұмыспен қамту шарасы емес, адамның өзіне деген сенімін арттыруға, жаңа өмірге үмітпен қарауына жол ашатын маңызды әлеуметтік бастама.
Айта кетейік, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ғимаратында enbek.kz электронды еңбек биржасы туралы ақпарат беретін арнайы бұрыш ашылған. Мұнда мамандар 100-ге жуық азаматқа онлайн жұмыс іздеу тәсілдері мен ресми жұмысқа орналасу ережелерін түсіндіріп, кеңес берді. Бұл бастама цифрлық форматтағы қызметтерді халыққа барынша жақындату мақсатында жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар тек бір реттік қолдау емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі. Себебі, әрбір азаматтың еңбекке араласуы оның өмір сапасының артуына, отбасының тұрақтылығына және қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Шымкент қаласында осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жергілікті әкімдік, пробация қызметі және жұмыс берушілердің бірлескен іс-қимылы арқасында тағы да ондаған азаматтың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік туады.
Қоғамның басты байлығы – адам. Ал адамға сенім мен мүмкіндік беру оның өмірін өзгертудің ең әділ жолы.