Жастар практикасы – еңбекке бастайтын баспалдақ

Oinet.kz 14-10-2025 15

Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі саясат қалыптасып келеді. Еліміздің ертеңі саналатын жас буынның еңбек нарығына бейімделіп, өз кәсібін игеруіне жағдай жасау  мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Соның айғағы «Жастар практикасы» бағдарламасы. 

Screenshot_8.jpg

Бұл жоба оқу орнын жаңа тәмамдаған түлектерге тәжірибе жинап, кәсіби жолын бастауға мол мүмкіндік сыйлауда.

Биыл мегаполисте 2 251 жас аталған бағдарлама арқылы жұмыспен қамтылуы тиіс. Қазіргі таңда олардың 1 500-ден астамы тұрақты табыс көзіне ие болып үлгерген. Бұл еңбек жолын енді бастаған жастар үшін үлкен қолдау әрі сенімді бастама.

№5 колледждің түлегі Асхат Құнанбай да солардың бірі. Ол тоқымашы-оператор мамандығын аяқтаған соң Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген. Біраз уақыттан кейін аудандық мансап орталығының жолдамасымен ол «Назар Текстиль» кілем тоқу фабрикасына «Жастар практикасы» шеңберінде қабылданған.

– Қазір өзім таңдаған мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін. Ұжымдағы ынтымақ пен жылы қарым-қатынас мені жігерлендіреді. Фабрика қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған: ыстық тамақ, жолға тасымал қызметі қарастырылған. Мемлекет тарапынан осындай қолдау барында, жастардың еңбекке деген ынтасы арта түсетіні сөзсіз, – дейді Асхат.

Асхаттың мысалы  «Жастар практикасының» қаншалықты пайдалы жоба екенін айқын көрсетеді. Бағдарлама арқылы түлектер алты ай бойы жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Осы мерзім ішінде мемлекеттен еңбекақы алып, кәсіби қабілетін дәлелдеуге мүмкіндік туады. Көптеген жас маман тәжірибеден соң тұрақты қызметке орналасып жатады.

Жастарға арналған тағы бір бағыт  «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Бұл бастама арқылы 1 161 жасқа мүмкіндік берілмек. Бүгінгі таңда 330 жас маман алғашқы еңбек жолын бастап кеткен. Бағдарлама жас түлектерге еңбек нарығына бейімделіп, өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.

Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін арттырады. Өйткені тәжірибе жинау табысқа жетудің алғашқы қадамы. Ал мемлекет бұл бағытта нақты нәтижеге жету үшін барлық жағдайды жасап отыр.

Шымкентте жастарға көмек көрсететін аудандық мансап орталықтары белсенді қызмет атқаруда. Мұнда жұмыс іздегендерге кеңес беріліп, қажетті құжаттар рәсімдеуге жәрдем көрсетіледі. Бағдарламаға қатысу үшін жастар Enbek.kz электронды платформасында тіркеліп, өз ауданының мансап орталығына жүгінуі керек.

Жастар – елдің қозғаушы күші. Сондықтан олардың еңбекке араласуы, тәжірибе жинауы мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар іс. «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары Шымкенттің еңбек әлеуетін арттырып, саналы әрі жауапты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Жас буынға сенім артып, қолдау көрсетудің нәтижесінде Шымкент жастары бүгінде өз кәсібін игеріп, қоғамның белсенді мүшесіне айналып келеді. 

Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылданады
Шымкентте пробация есебіндегі азаматтарға қолдау күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу