Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылданады

Oinet.kz 14-10-2025 14

Шымкент қаласында кәсіп бастаймын деген азаматтарға үлкен мүмкіндік туып отыр. 2025 жылдың 20 қазанынан бастап Business.enbek.kz порталы арқылы бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. 

Screenshot_7.jpg

Бұл бастама  мемлекет тарапынан тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, өзін-өзі жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы маңызды қолдау шараларының бірі.

Биылғы кезекті үшінші лек аясында 93 адамға дейін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Бұл қаржы азаматтардың өз ісін ашып, кәсібін дамытуына үлкен  мүмкіндік береді.

Грантқа үміткер болу үшін ең алдымен азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе жеке кәсіпкер болуы тиіс, яғни жеке кәсіпкерлік тіркеу мерзімі 3 жылдан аспауы қажет. Сонымен қатар, қатысушылар келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы керек:

– мүгедектігі бар тұлғалар;

– көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері;

– «қандас» мәртебесіне ие азаматтар;

– мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;

– асыраушысынан айырылғандар;

– өңіраралық қоныс аударушылар.

Бұл тізім әлеуметтік тұрғыдан қолдауға зәру жандарға кәсіп ашу арқылы өз өмірін өзгертудің нақты жолын ұсынады.

Грант алу үшін үміткерлердің «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде соңғы үш жыл ішінде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Бұл талап  қатысушылардың бизнес-жоспарды сауатты әзірлеуін және қаржыны тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету мақсатында қойылып отыр. Өтінім беру бірнеше қарапайым қадамнан тұрады:

1. Business.enbek.kz порталында тіркелу;

2. Грант шарттарына сәйкестікті растау;

3. Өз бизнес-жоспарын толтыру;

4. Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою.

Сонымен қатар өтінімді мансап орталықтары немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары арқылы да жолдауға болады.

Грант сомасы әртүрлі мақсаттарға бағытталуы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтар бұл қаржыны құрал-жабдықтар мен құрылғылар сатып алуға, мал шаруашылығын дамытуға, тұқым немесе көшет алуға, сондай-ақ жалға алу шығындарын өтеуге жұмсай алады. Яғни, мемлекет ұсынған бұл мүмкіндік  нақты нәтиже беретін, табыс әкелетін іске бағытталған инвестиция іспетті.

Грант иегерлерін арнайы құрылған комиссия өкілдері іріктейді. Әр үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғап, оның өміршеңдігін дәлелдеуі тиіс. Бағалау келесі негізгі критерийлер бойынша жүзеге асады:

– бизнес идеяның бәсекеге қабілеттілігі;

– өнім немесе қызмет көрсету нарығының нақтылығы;

– жобаның қаржылық тұрақтылығы;

– жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті.

Комиссияның шешімі әрбір қатысушының порталдағы жеке кабинетіне жолданады. Егер жоба қолдау тапса, үміткермен келісім жасалып, қаржы электронды түрде аударылады. Грант иегері қаражаттың жұмсалуы туралы тоқсан сайын есеп беріп отырады. Шымкент қаласы соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуда айрықша серпін алған өңірлердің бірі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері жүздеген тұрғын өз бизнес-жобасын ұсынып, мемлекеттік грант арқылы өз ісін жолға қойған.

Өтінім қабылдау мерзімі шектеулі. Сондықтан өз кәсібін бастауға ниетті шымкенттіктерге бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға кеңес береміз.

Мегаполис мінсіз жолға бет алды
Жастар практикасы – еңбекке бастайтын баспалдақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу