Мегаполис мінсіз жолға бет алды
Шымкент қаласы жол инфрақұрылымын жақсартуға айрықша көңіл бөлуде. Өткен жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 75 пайыз болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделуде.
Осы мақсатта биыл қаланың 706 шақырым жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл қадам тұрғындардың жол қозғалысын жеңілдетіп, көлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Көлік жүйесін кешенді дамыту үшін қалада 15 ірі жоба қолға алынды. Олардың жалпы ұзындығы 45 шақырымнан асады. Ең ірісі Қонаев даңғылының жалғасын салу. Оның ұзындығы 16 шақырымнан асатын бұл жол қаланың негізгі магистраліне айналады. Сонымен қатар, А-2 халықаралық автомобиль жолын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба 28 шақырым жолды қамтып, 8 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 5, 6, 7 және 8-кезең құрылысын жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 6–8-кезең аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қаладағы негізгі магистральдарға жүктемені азайту үшін балама жолдар салынуда. Мысалы, Алтынсарин, Қазиев, Жандосов көшелерінің жалғасы, Шұбаркөл көшесі, Асар мен Шымсити шағын аудандарын қосатын жаңа жолдар, Қызылсайға кіреберіс жолдар, сондай-ақ Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдері құрылыстары жүргізілуде. Бұл жобалар тұрғындардың уақытын үнемдеп, қаланың көлік жүйесін тиімді етеді.
Жеке атап өтуге тұрарлық жоба Қойкелді батыр көшесіндегі көпір құрылысы. Сонымен қатар, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерде күрделі жөндеу жүргізіліп, бірқатары пайдалануға берілді. Орташа жөндеу аясында биыл 323 көшеде, жалпы ұзындығы 201 шақырым жол жаңартылуда. Алдағы 2025–2026 жылдары қаладағы шалғай аудандардың жолдарына 938 шақырым қосымша асфальт төсеу жоспарланған. Биыл оның 442 шақырымы іске асырылмақ.
Жуырда Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралап, Қаратау ауданы, Алтынсарин көшесі мен А-2 айналма жолының VI кезеңдегі реконструкция жұмыстарымен танысты. Алтынсарин көшесін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгеріс Әкім мердігер ұйымдарға барлық жұмысты сапалы әрі қауіпсіз орындауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарға туындайтын қолайсыздықтарды азайту қажеттігін атап өтті. Жалпы, Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын жаңғырту және көлік қатынасын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жобалардың нәтижесі тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, қала дамып келе жатқан заманауи мегаполис ретінде көрінісін күшейтеді.