Шымкентте жаңа экопарк ашылуда

Oinet.kz 15-10-2025 15

Шымкент қаласы соңғы жылдары экологиялық бағыттағы жобаларға басымдық беріп келеді. Әсіресе, тұрғындарға қолайлы, табиғатпен үйлескен орта қалыптастыру қала әкімдігінің басты мақсатының бірі.

Screenshot_11.jpg

Қазіргі таңда шаһарда қалалық ортаны көгалдандыру, саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Солардың ішінде ерекше маңызға ие нысанның бірі  бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында бой көтеріп жатқан Экопарк. Бұл жоба  экологиялық жаңғыру мен табиғатты қалпына келтірудің символына айналмақ.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, Экопарктің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында 5 мыңнан астам ағаш пен 1 800 жеміс ағашын отырғызу жоспарланған. Табиғатты күтіп-баптауға арналған барлық инфрақұрылым да ескерілген: 9 су ұңғымасы қазылып, 13 гектар жерге автоматты суару жүйесі орнатылмақ. Ал 8 гектар аумақта тамшылатып суару әдісі енгізіледі. Мұның барлығы жасыл желекті сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар.

Айта кетерлігі, бұл игі іс демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. Экопарк болашақта қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып, табиғат аясында тынығуға, серуендеуге және балалармен таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл кеңістік экологиялық тұрғыдан тұрақты және табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.

Шымкент соңғы жылдары жасыл кеңістіктерді көбейту бағытында ауқымды қадам жасап келеді. Биылдың өзінде көктемгі маусымда жаңа шағынаудандар мен орталық көшелерге үш мыңнан астам ағаш егілді. Күзгі маусымда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артпақ, яғни қосымша 7 800 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Тек ағаш егу ғана емес, гүлзарларды күтіп-баптау да назардан тыс қалған жоқ. Қала көшелері мен саябақтарында бүгінде 22 мыңнан астам көпжылдық гүлдер жайқалып тұр. Әсіресе көктемде егілген 1,6 миллионнан астам қызғалдақтар тұрғындардың көз қуанышына айналды. 40 мың шаршы метр аумақты алып жатқан алқызыл гүлдер қаланың көркін айшықтап, Шымкентке ерекше өң берді.

Экологиялық жобалардың мұншалықты кең көлемде жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың нәтижесі. Экопарк сынды жобалар тек табиғатты қорғауға ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Бұл – әрбір шымкенттік үшін ортақ игілік.

Жоба толық аяқталған соң, Экопарк аумағында жаяу серуендеуге арналған жолақтар, спорт және балалар алаңдары, тынығуға арналған көлеңкелі аймақтар салынады.

Айыппұл арқалап қалмаңыз!
«Таза Казахстан»: жители Шымкента и молодежь приняли активное участие в масштабной экологической акц
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу