Театр – ұлттық тәрбиенің тірегі

Oinet.kz 11-10-2025 31

Қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани дүниесі ғасырлар бойы қалыптасып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Уақыт ағымына сай қоғам өзгергенімен, ұлттық құндылықтардың маңызы кеміген жоқ. 

Screenshot_5.jpg

Керісінше, олар елдің болмысын айқындайтын, рухани тамырын сақтайтын басты тіректердің бірі болып отыр. Осы тұрғыда театр өнері ерекше рөл атқарады. Театр сахнасы – халықтың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін көрерменге әсерлі жеткізудің ең ықпалды алаңы. Бұл бағытта Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры үлкен жұмыс атқарып келеді. 

Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, ұлттық мәдениетті сақтау мен жаңғырту ісінде сахнаның орны ерекше. «Қазақ халқының әрбір салты мен ғұрпы  бұл жай ғана рәсім емес, ұлттың рухани коды. Біз осыны жастарға көркем түрде жеткізіп, олардың бойында ұлттық сана қалыптастыруға тырысамыз», – дейді ол. Театрда қойылатын тарихи және этнографиялық қойылымдарда қазақтың тұрмыс-тіршілігі, отбасылық дәстүрлері, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұлттық киім мен музыка көрініс табады. Көрермен сахнадан тек көрініс көріп қана қоймай, ата-бабасының өмір салтын сезініп, рухани байланыс орнатады. 

Дархан Балажановтың пікірінше, салт-дәстүрлерді қазіргі заман жастарына жақындату үшін оларды заманауи тәсілдермен жеткізу маңызды. Сол себепті театр шығармашылық топтары классикалық туындыларды жаңа режиссерлік шешімдермен, заманауи сценография және музыкамен байыта отырып сахналайды. Бұл көрерменнің қызығушылығын арттырып қана қоймай, дәстүрлердің өміршеңдігін дәлелдейді. Сонымен қатар театр ұжымы мектептер мен жоғары оқу орындарында көшпелі қойылымдар өткізіп, жастармен кездесулер ұйымдастырады. Мұндай іс-шараларда ұлттық құндылықтар туралы ашық пікір алмасулар болады. «Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып халқымыздың жаны. Егер біз оларды сахнада шынайы көрсете алсақ, жастардың жүрегіне жол табамыз. Ұлттың рухы тек өткенде емес, бүгінгі ұрпақтың санасында өмір сүруі керек», – дейді театр директоры. 

Бүгінгі таңда театр тек мәдени мекеме емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғам санасына сіңіретін рухани мектепке айналып отыр. Сахна арқылы салт-дәстүрді жеткізу – ел болашағына салынған берік көпір. Театрдың әрбір қойылымы көрерменнің жүрегіне әсер етіп, ұлттың асыл мұрасын жаңаша қабылдауға мүмкіндік береді.

Аида ӨТЕП

Әже тәрбиесі ұлттық құндылықтың алтын діңгегі
Рухани мұра ұрпаққа аманат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу