Рухани мұра ұрпаққа аманат

Oinet.kz 11-10-2025 32

Қазақ халқының бай мәдениеті мен рухани әлемінің негізі салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар. Осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде үлкен рөл атқарып жүрген жандардың бірі Шымкент қаласы Әжелер алқасының мүшесі Гүлдархан Нұрымбетова. 

Screenshot_6.jpg

Ол қазақтың дәстүрін насихаттап, жастарға ұлттық тәрбие беруде өз ойымен бөлісті. Гүлдархан апайдың айтуынша, салт-дәстүр бұл ұлттың тірегі әрі рухани қазынасы. Ата-бабаларымыздың әрбір жоралғысы терең мағынаға толы. Мысалы, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той сияқты рәсімдер тек сыртқы көрініс емес, оның артында бала тәрбиесінің негіздері жатыр. Әр салт ұрпаққа ізгілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді үйретудің бір жолы», – дейді ол. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру отбасыдан басталатынын ерекше атап өтті. Отбасы тәрбие мен ұлттық сананың алтын ұясы. Әже мен ата  ұрпаққа ұлттық рух пен салт-дәстүрді жеткізетін алтын көпір. Мен немерелеріме қазақтың мақал-мәтелдерін, ұлттық ойындарын үйретемін. Себебі осы арқылы ұлттың болашағын сақтаймыз», – дейді Гүлдархан Нұрымбетова. Ол қазіргі заманда жастардың дәстүрге деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқайды, бірақ бұл үрдісті дамыту үшін қоғам мен билік тарапынан да қолдау қажет деп есептейді.  

Жастарымыз ұлттық киімге, қолөнерге, музыкаға қызығушылық танытып жатыр. Бұл қуантады. Бірақ бұл үдеріс жүйелі болуы керек. Мектептерде ұлттық мәдениетті оқыту, әжелер мектебін ұйымдастыру сияқты бастамалар кеңейсе жақсы болар еді, – дейді ол. Сонымен бірге ол бүгінгі күнде ұлт тәрбиесі мен салт-дәстүрдің рухани маңызын жоғалтпау үшін әрбір адамның өзіне міндеттер жүктелетінін айтады. Біз ұлттық құндылықтарды сақтау үшін тек өткенді еске алып қана қоймай, оны күнделікті өмірде де ұстануымыз керек. Қонақжайлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бұлар қазақылықтың айнасы. Осы қасиеттерді балаларға үйретсек, ұлттың болашағы жарқын болады,– дейді Гүлдархан апай. Ол сондай-ақ әжелердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Әжелер  ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Біз тек өз отбасымызда ғана емес, қауымдастықта да ұлттық құндылықтарды насихаттауымыз керек. Әжелер алқасы – осының айқын үлгісі. Біз жастарға өз тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтаудың маңызын түсіндіру арқылы елдігімізді нығайтамыз, – дейді ол. Гүлдархан Нұрымбетова қазақ халқының болашағы  ұлттық сана мен тәрбиеде деп сенеді. Сондықтан әрбір отбасы мен әрбір адам салт-дәстүрді сақтап, ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттыруға өз үлесін қосуы тиіс. Тек осылай ғана біз келер ұрпаққа бай рухани мұра қалдырып, қазақы болмысты мәңгі сақтай аламыз.

Аида ӨТЕП

Театр – ұлттық тәрбиенің тірегі
Әже үні – ұрпаққа ұран
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу