Әже тәрбиесі ұлттық құндылықтың алтын діңгегі
Қазақ халқының рухани байлығы мен ұлт ретінде қалыптасуындағы басты тіректерінің бірі салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар. Бұл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде отбасы мен ананың, әженің орны ерекше.
Осы орайда біз Шымкент қаласы Әжелер алқасының мүшесі, ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен зейнеткер ұстаз Мамыркүл Елемесқызымен тілдескен едік. Ол ұлттық тәрбиенің тамыры тереңде жатқанын, оны жаңғыртудың маңызын ерекше атап өтті. «Біздің халқымыз ешқашан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған. Әр сөзінің, әр қадамының ар жағында тәрбие жатыр. Қыз баланы ертеңгі ел анасы деп, ұл баланы ел қорғаны деп тәрбиелеген. Осы құндылықтарды қазіргі заманда да ұмытпай, заман талабына сай ұрпақ бойына дарыту біз сияқты аға буынның парызы», –дейді ол. Мамыркүл Елемесқызының айтуынша, ата-баба дәстүрі ұлттың рухани темірқазығы. Наурыз көже пісіріп, бесікке салу, тұсау кесу, келін түсіру секілді салттар жай ғана рәсім емес, оның ар жағында терең мән жатыр. Мысалы, тұсау кесу баланың болашағына ақ жол тілеу, оны адал, түзу жолмен жүруге бағыттау. Осындай жоралғылар арқылы біз ұрпақ санасына ізгілік, сыйластық, жауапкершілік секілді ұғымдарды сіңіремі, – дейді әжелер алқасының мүшесі.
Ұстаз ретінде ол мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмыстарына ұлттық бағыт жетіспейтінін де жасырмайды. «Біліммен бірге тәрбие жүруі керек. Ұлттық тәрбие тек әдебиет сабағының шеңберінде қалмауы тиіс. Ол баланың өмірінің бір бөлшегіне айналуы қажет. Әр бала өзінің тегін, шыққан руын, ата-баба тарихын, салт-дәстүрін білуі тиіс. Сонда ғана біз тамырсыз ұрпақ өсірмейміз», – дейді зейнеткер ұстаз. Мамыркүл Елемесқызы әжелер алқасы атынан түрлі кездесулерге қатысып, жастарға өмірлік тәжірибе мен тағылымды әңгімелер айтып жүреді. Қазіргі жастар ақылды, ізденімпаз. Бірақ оларға бағыт беруіміз керек. Біз қазақы болмысымызды, тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді сақтасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Қай заманда да ұлттың ұстыны тәрбие мен рухани сабақтастық, – деп сөзін түйіндеді.
Мамыркүл Елемесқызының айтуынша, әжелер тек шаңырақтың шуағы ғана емес, ұлттың рухани діңгегі. «Әже ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Біз немерелерімізге ертегі айтып, бата беріп, бесік жырын айтып өсірсек, олардың бойында ұлттық сана өзінен-өзі қалыптасады. Тек үйде ғана емес, қоғамда да әжелердің рөлі артуы керек. Әжелер мектебі, ұлттық тәрбие клубтары көбейсе, бұл ел болашағына салынған инвестиция», – дейді ол.
Аида ӨТЕП