Ұлттық құндылық – ұлттың жаны
Әр халықтың болмысы мен рухани қазынасы – оның салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарында. Осы тұрғыдан алғанда, ұлт ретінде ұйысып, ел болып қалыптасуымызға негіз болған рухани іргетасты сақтау әрбір азаматтың парызы.
Бұл туралы біз «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің меңгерушісі Али Советовпен тілдесіп, ұлттық құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы маңызы жайында пікір алдық. Оның айтуынша, дәстүр ұлттың жадындағы өмір сүру кодексі. «Біз кейде салт-дәстүрді өткеннің сарқыншағы деп қабылдаймыз. Алайда ол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі, өмір сүру салты, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған рухани жүйе. Қазіргі заманда ұлттық құндылықтарды заманауи форматпен ұштастыру маңызды. Мәселен, жастар арасында ою-өрнекке, ұлттық киімге, көне музыка аспаптарына қызығушылықтың артуы қуантады, дейді ол.
Али Советов қазіргі жастардың ұлттық тамырға бет бұра бастағанын оң үрдіс деп бағалайды. Алайда ол бұл процестің жүйелі түрде жүргізілуі керектігін айтады. «Жай ғана киіз үй тігіп, шапан киіп қою жеткіліксіз. Біз ұлттық болмысты тереңнен түсіндіруіміз керек. Ол үшін мектеп бағдарламаларында халықтың тарихы мен мәдениетін кеңінен қамту қажет. Сонымен қатар музейлер мен тарихи кешендер тек экспозиция көрсететін орын емес, олар ұлттық тәрбиенің алаңы болуы тиіс», – дейді кешен меңгерушісі. «Шымқала» кешені де дәл осындай мақсатты көздейді. Мұнда келушілер тек көне жәдігерлерді ғана көрмейді, сонымен бірге қазақы тұрмыстың шынайы көрінісін, көнеден жеткен өмір салтын танып, салт-дәстүрдің мән-мағынасын ұғына алады. Али Советовтың айтуынша, мәдениет пен тарихқа құрмет елдіктің белгісі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы біз жаһандану дәуірінде өз болмысымызды жоғалтпай, келер ұрпаққа тамырлы тәрбие бере аламыз.
Али Советовтың пікірінше, ұлттық құндылықтар тек салт-дәстүрмен шектелмейді. Оның қатарына тіл, діл, музыка, қолөнер, ауыз әдебиеті және ұлттық ойындар да кіреді. «Мысалы, алтыбақан, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ойындар балаларды ептілікке, ойлауға, бірлікке баулиды. Бұларды заманауи балабақша мен мектеп бағдарламасына енгізу ұрпақ сабақтастығын қалыптастырудың жолы. Біз бала жастан бастап ұлттық болмысты бойға сіңіре алсақ, келешекте төл мәдениетімізге жанашыр ұрпақ өсіп шығады», – дейді ол. Сонымен қатар ол қазақтың қонақжайлығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді әдет-ғұрыптарын да рухани мұрамыздың алтын арқауы ретінде көреді.
Аида ӨТЕП