Шымкентте 10–15% арзан азық-түлікті қайдан алуға болады?
Шымкент қаласы тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес ірі сауда желілері мен жергілікті өндірушілер арасында келісім-шарттар жасалып, бүгінгі таңда қалада 80-ге жуық әлеуметтік сауда нүктесі тұрақты жұмыс істеуде.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы өз брифингінде мәлімдеді.
Әлеуметтік сауда желілері халыққа негізгі азық-түлік тауарларын нарықтағы бағадан төмен деңгейде ұсынады. Мысалы, «Грамад» сауда желісінде – 22, «Магнум» желісінде – 26, «Маркет» желісінде – 2 нүкте; «Қасқасу-С» ЖШҚ көкөніс сататын павильондары – 5, ал ет павильондары – 5; «Бәйтерек» ЖШҚ ет сататын сауда нүктелері – 3. Осылайша, қала тұрғындары күнделікті қажетті азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыр.
Халық тығыз орналасқан аудандарда әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында «Бақша» атты 14 жаңа дүкен ашылды. Қазіргі уақытта тағы 10 нүктенің ашылу жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік дүкендерде сатылатын тауарлар нарықтағы бағадан төмен, сондықтан тұрғындар күнделікті қажеттілікті қолжетімді бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Қалада бағаны тұрақтандыруға бағытталған тағы бір маңызды шара – апта сайын ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкелері. Аптасына шамамен 150 тонна тауар сатылымға шығарылады, бағалары нарықтық деңгейден 10-15 пайыз төмен. Жәрмеңкелерге 300-ге жуық кәсіпкер қатысып, тұрғындарға сапалы өнімдерді тиімді бағамен ұсынады.
Жәрмеңкелер әр аптада тұрақты орындарда өтеді:
- Жұма күндері: «Шымсити» шағын ауданы, №21 көпқабатты тұрғын үйдің алдында;
- Сейсенбі күндері: «Тұран-2» шағын ауданы, №43 көпқабатты тұрғын үйдің қарама-қарсы бетінде; «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағында; «1000 ұсақ-түйек» дүкенінің алдында;
- Жексенбі күндері: «Тұран» шағын ауданы, «Zharqyn tau» сауда үйінің алдындағы автотұрақ аумағында; «Астана» шағын ауданы, №74, №77 көпқабатты тұрғын үйлердің артында.
Сонымен қатар, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және әлеуметтік азық-түліктің қолжетімділігін арттыру мақсатында қаладағы ірі сауда желілерімен меморандумдар жасалып, «Береке Fest» республикалық акциясы өткізіліп келеді. Бұл шара халыққа баға жүктемесін азайтуға, өндірушілер мен сауда желілері арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің сапасы мен оң имиджін қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар қала тұрғындары үшін өте маңызды. Бағаның біркелкі болуы және әлеуметтік дүкендердің тиімді жұмысы тұрғындарға сапалы, қолжетімді өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Арзан және сапалы азық-түліктің қолжетімді болуы қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау мен тұрмысты жақсартуға септігін тигізеді.
Қалалық әкімдік әлеуметтік сауда нүктелерін көбейту, апта сайын азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру және ірі сауда желілерімен меморандумдар жасау сияқты шараларды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға барлық күшін жұмсап отыр.
Нәтижесінде, Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік саясат тиімді жүзеге асырылып, тұрғындардың күнделікті өміріне нақты қолдау көрсетілуде. Тұрғындар енді сапалы және арзан азық-түлікке қол жеткізіп, күнделікті тұрмысты жеңілдетіп, қаланың әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып отыр.