Көксайлықтар қоныс тойын тойлауда
Шымкент қаласында тұрғын үй қорының жаңғыруына бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, мегаполистің тұрғын үй саясатының маңызды бөлігі саналатын «Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы» аясында апатты және тозығы жеткен үйлерді жаңарту ісі тұрақты қарқынмен жүріп жатыр.
Бағдарламаның басты мақсаты қаладағы ескі әрі апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзып, олардың тұрғындарын жаңа, заманауи үлгідегі, инженерлік жүйелері толық қамтылған жайлы баспаналарға көшіру. Бұл бастама шаһардың сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Уәкілетті ұйым ретінде жобаны іске асыру міндеті «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамына жүктелген. Корпорация мамандары тұрғын үйлердің техникалық жағдайын зерделеп, құрылыс пен көшіру үдерісін үйлестіріп отыр. Негізгі жұмыстар қала әкімдігі бекіткен жол картасы негізінде атқарылуда.
Аталған құжатқа сәйкес, Көксай шағын ауданындағы 23 көпқабатты тұрғын үй реновация бағдарламасының тізіміне енгізілген. Бұл үйлердің барлығы кезең-кезеңімен бұзылып, тұрғындарына жаңа пәтерлер ұсынылады. Қазіргі таңда 8 тұрғын үйдің иелері жаңа баспаналарына қоныстанып үлгерген.
Атап өтсек,7 қазанда тұрғындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық орын алды. Нұрлыбаева көшесіндегі №10 үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерінің кілтін алып, көптен күткен армандарына қол жеткізді. Бұл Көксайдағы реновация бағдарламасының нақты нәтижесі және халықтың сенімін арттырған маңызды оқиға.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, алдағы жылдары Көксаймен қатар өзге шағын аудандарда да реновациялық жұмыстар жүргізіледі. Бағдарлама 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы мерзім ішінде апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің барлығы жаңартылып, онда тұратын азаматтар жаңа баспаналарға көшірілмек.
Реновация бұл тек ескі үйлерді бұзу мен жаңасын салу емес, ол қаланың болашағын қалыптастыратын әлеуметтік жоба. Себебі бұл бастама арқылы инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, аулалар абаттандырылып, көше жарығы мен жолдар ретке келтіріледі. Жаңа үйлердің айналасында әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша және спорт алаңшалары салу да жоспарланған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй қорының едәуір бөлігі өткен ғасырдың 60–70 жылдары салынған. Уақыт талабына сай келмейтін мұндай нысандарда тұру қауіпсіздік тұрғысынан да, тұрмыстық жайлылық жағынан да қиындық туғызады. Сондықтан реновация бағдарламасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға арналған кешенді шешім.