Шымкенттегі сенбіліктің нәтижесі байқалды ма?

Oinet.kz 14-10-2025 14

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың басынан бастап Шымкент қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда. 

Screenshot_4.jpg

Бұл бастама тек қаланы таза ұстау мақсатында ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға жайлы, экологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Акция аясында қала аумағын абаттандыру, жасыл желекті кеңейту, тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде жинау және көгалдандыру жұмыстары жанданып, Шымкенттің жасыл әрі таза қала ретінде бейнесін қалыптастыруға маңызды серпін беріп отыр.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы өткен брифингінде сенбілік жұмыстарының қазіргі жағдайына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың көлемін нақты деректермен баяндады. Акция басталғаннан бері 643 мыңнан астам қала тұрғыны, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік объект қамтылып, іске қосылған. Сенбілік жұмыстарына жалпы 10 850 бірлік техника жұмылдырылып, қаладан 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған. Бұл тек қана таза қалаға бет алған жүйелі қадамның бір бөлігі.

Экологиялық акцияның маңызды бағыттарының бірі  көгалдандыру жұмыстары. Биыл қала аумағына 25 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылған. Астана және Шымсити шағын аудандарында жаңадан салынған басты көшелер бойына қазан айының соңына дейін қосымша көшеттер отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала саябақтары, магистралды көшелер және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына тағы 10 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізіледі.

Көгалдандыру жұмыстарының ауқымы да ауқымды. Қала аумағында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрді құрайтын жерлер жасыл желекке бөленіп, қаланың әсем көрінісін арттырып отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр аумақта да көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл қала тұрғындары үшін демалысқа арналған табиғи аймақтарды көбейтуге, ауаны тазартып, жасыл желектердің санын арттыруға мүмкіндік беруде.

Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау үшін Тұран-2 шағын ауданында бір саябақ пайдалануға беріліп, ал тағы 5 саябақта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл саябақтар – А.Молдағұлова көшесі №4 үй алдындағы аумақ, Жангельдин көшесі бойындағы «Қарасу» өзені маңы, Диваев көшесі, Жібек жолы-Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысы және Шымсити шағын ауданындағы Есімхан көшесі бойы.

Экологиялық бағыттағы маңызды жобалардың бірі  Қошқар-ата өзенінің жағалау аумағын абаттандыру. Жангельдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі 3,5 шақырым аумақ қамтылып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Hydro Life 2050» ЖШС атқарып, жалпы құны 1,2 млрд теңгені құраған. Бұл жоба қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарға таза, жайлы демалыс орны мен табиғи сұлулық сыйлайтын аймаққа айналдырады.

Жарты жылдық қорытынды бойынша, қала аумағын көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілгені көрініп отыр.  Мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және қала тұрғындарының бірлескен еңбегінің арқасында Шымкент қаласы «жасыл қала» болып қалыптасып, әрбір көшесі мен саябағы экологиялық мәдениетті насихаттауға ықпал етуде. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына таза, көрікті және жайлы қалалық ортаны ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

Сакральное место, дарующее женское счастье
Шымкентте 10–15% арзан азық-түлікті қайдан алуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу