Рухани тамырды сақтаудың жолы - салт-дәстүр

Oinet.kz 04-10-2025 44

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты мен дүниетанымы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Заман өзгеріп, жаңа технологиялар енсе де, ұлттың рухани тірегі саналатын осы құндылықтардың мәні ешқашан жойылған емес.

Screenshot_44.jpg

Бүгінде дәстүрді заман талабына сай жаңаша насихаттау маңызды. Бұл бағытта Шымкент қалалық Көрме орталығының директоры Зухра Қарабекованың еңбегі ерекше. Олай дейтініміз Көрме орталығында ұлттық құндылықтарымыз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз жиі насихатталып келеді. Сан ғасырлардан бері ата-бабамыздан аманат болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың тарихын бұзып алмай келесі ұрпаққа мирас ету барлығымыздың ортақ парызымыз болса керек.

Зухра Қарабекованың айтуынша, салт-дәстүр – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі өмірдің де айнасы. Әрбір ғұрыптың астарында ата-бабамыздың өмірлік тәжірибесі, адамгершілік қағидаттары мен тәрбие мәні жатыр. «Қазақтың әрбір дәстүрі – ұлттың рухани өзегі. Егер біз оны жастарға қызықты әрі түсінікті жеткізе алсақ, ұлттық болмысымыз мәңгі сақталады», – дейді ол.

Көрме орталығы жыл сайын «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты жобаны өткізеді. Онда келушілер тұрмыс-салт бұйымдары, ұлттық тағамдар мен киім үлгілерімен танысып, киіз басу, сырмақ тігу, қамшы өру сияқты шеберлік сабақтарына қатыса алады. Осындай интерактивті тәсіл дәстүрге қызығушылықты арттырады.

Заман ағымына сай дәстүрді дәріс не кітап түрінде ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы жеткізу де маңызды. Осы мақсатта көрмелерде фотоаймақтар жасалып, TikTok пен Instagram-да қысқа видеолар таратылады. Бұл жастарға дәстүрді заманауи форматта түсіндірудің тиімді жолы. Жасыратыны жоқ, технология күн сайын қарыштап дамып келе жатқан заманда жастардын гаджеттерді көп қолданатыны, телефонға телміріп, әлеуметтік желіге әулекіленіп бара жатқаны рас. Осындайда заманауи форматпен салт-дәстүрді смартфонға еңгізу ең тиімді тәсіл  болса керек.

Қазақтың «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Қыз ұзату», «Бата беру» сияқты ғұрыптары – үлкенге құрмет, ұрпақ сабақтастығы мен жауапкершілікті дәріптейді. Мұндай салттарды сахналап көрсету жастардың жадында ерекше сақталады.

Салт-дәстүр – ұлттың тамыры. Оны заман талабына сай ұрпақ санасына сіңіре алсақ, ұлттық руханиятымыз мәңгілік өмір сүреді.

Аида ӨТЕП

Білім берудің бастауы руханият пен дәстүрде
Шымқала – тарихты тірілткен тағылым ордасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу