Шымқала – тарихты тірілткен тағылым ордасы

Oinet.kz 04-10-2025 47

Әр ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтарының бірі – оның салт-дәстүрі мен мәдениеті. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасқан ұлттық дүниетаным мен өмір сүру дағдысы бүгінде ұлт рухының айқын көрінісіне айналған.

Screenshot_45.jpg

Осы тұрғыда, "Шымқала" тарихи-мәдени кешенінің меңгерушісі Али Советовтің айтуынша, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру тек музейлердің емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Оның пікірінше, халықтың тарихын тек оқулықтан емес, тірі мысалдар арқылы, тұрмыс-салт көріністерінен таныған ұрпақ ұлттық болмысын тереңірек түсінеді. "Шымқала" кешені осы бағытта үлкен жұмыстар атқаруда. Мұнда келушілер көне тұрмыстық заттармен танысып қана қоймай, сол заманның тынысын сезіне алады. 

Али Советов: "Біз келушілерге тек жәдігер көрсетуді емес, өткен өмірді ұғындыруды көздейміз. Әр заттың артында тұтас дәуірдің үні жатыр", – дейді. Оның айтуынша, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды үйрету үшін оларды қатыстыру қажет. Мысалы, киіз үй тігуді, қамшы өруді, асық ату мен қазақы тағам дайындауды шеберлік сабақтары арқылы үйрету  ұмыт бола бастаған дәстүрлерді қайта жаңғыртудың тиімді жолы. Сонымен қатар, кешенде ұлттық киім кию, көне музыкалық аспаптарда ойнау сынды шаралар да өткізіледі. 

Али Советов: "Салт-дәстүр – өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың темірқазығы. Оны тек сақтау емес, күнделікті өмірде қолдану маңызды", – дейді. Расында да, ұлттық болмысты сақтау тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек. Күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерден бастап, киім үлгісіне дейін ұлттық рең болуы  рухани тәуелсіздіктің белгісі. Советовтың айтуынша, қазір жастар арасында ұлттық мәдениетке қызығушылық артып келеді. Бұл  дұрыс бағыттағы қадам. "Шымқала" кешені сол қызығушылықты нақты білім мен тәжірибеге айналдыруға күш салады. Осылайша, салт-дәстүр тек тарих бетінде қалмай, өміршең сипатқа ие болады. Ұлттық құндылық  бұл ұрпақтан ұрпаққа аманат. Ал оны жеткізушілердің бірі дәл осындай кешендер мен ондағы жанашыр мамандар. 

Али Советов ұлттық тәрбиені отбасыдан бастап, қоғамдық деңгейге дейін кеңінен насихаттау қажет екенін айтады. Себебі тамыры тереңге жайылған дәстүр – ұлттың рухани қалқаны. Егер біз ата-бабалар қалдырған асыл мұраға ие болсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Ұлттық тәрбие  тек өткенді еске алу емес, ол келешекке жол салатын мәңгілік көпір.

Аида ӨТЕП

Рухани тамырды сақтаудың жолы - салт-дәстүр
Мемлекет басшысы: Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы» форматын құру идеясын қолдайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу