Білім берудің бастауы руханият пен дәстүрде

Oinet.kz 01-10-2025 43

Бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесінің мазмұны мен бағыты жиі сөз болады. Тек білім берумен шектелмей, баланың бойына рухани құндылықтарды сіңіру бүгінгі уақыт талабы.

Screenshot_43.jpg

Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа жеткізу, оның мән-маңызын терең түсіндіру  мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті.

Осы орайда Шымкент қаласы №75 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Бөгенбаева ұлттық құндылықтар негізінде ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Мектептегі білім рухани құндылықпен ұштаспаса, толық тәрбие болмайды. Біз балаға математика мен физиканы үйретеміз, бірақ егер ол үлкенге құрмет көрсетуді, ата-ананы сыйлауды, елін сүюді білмесе ол тәрбиенің толыққанды жемісі емес. Сондықтан біз ұлттық салт-дәстүрді күнделікті тәрбиелік процестің өзегіне айналдыруға тырысамыз», – дейді Нұргүл Бөгенбаева.

Қазіргі таңда жастардың бойында ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне алаңдайтын ұстаздар аз емес. Нұргүл Бөгенбаеваның айтуынша, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мектеп қабырғасынан бастап жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс.

«Ұлттық дәстүрді дәріптеу бір күндік шарамен бітпейді. Ол  үздіксіз процесс. Біз мектепте «Ұлттық тәрбие» бағыты бойынша арнайы сынып сағаттарын, көрмелер, ұлттық ойындар, әдеби кештер өткіземіз. Әжелермен, ардагерлермен кездесу ұйымдастырып, балаларға халқымыздың бай мұрасын ұғындырамыз», – дейді ұстаз.

Соңғы жылдары білім беру жүйесінде бәсекелестік, рейтинг, тест нәтижесі сияқты өлшемдер алдыңғы орынға шығып кеткені рас. Алайда осы тұста мектептегі рухани-адамгершілік тәрбиенің екінші орынға ысырылып қалмауына баса мән беру керек.

«Білім мен тәрбие егіз ұғым. Біз оқушыны тек ҰБТ-ға дайындай берсек, ол ұлттық болмыстан алыстайды. Ал дәстүрді білетін, рухани мықты ұрпақ өз жолынан адаспайды. Сондықтан біз әр пән мұғалімін де осы бағытта ойлауға үйретіп келеміз. Қазақтың тарихын, әдебиетін, салтын құр теория емес, нақты өмірмен байланыстырып түсіндіру – біздің басты мақсат», – деп нақтылады Нұргүл Бөгенбаева.

Сөзінің соңында: «Оқушыға ұлттық рух бергің келсе, алдымен өзің соған сенуің керек. Біз мектепте жас мамандарға да осы ұстанымды сіңіруге тырысамыз. Ұлттық тәрбие  бұл тек мұғалімнің емес, бүкіл мектеп ұжымының ортақ ұстанымы болуы тиіс», – деп қорытындылады.

Аида ӨТЕП

Ұлттық рух ананың әлдиінен басталады
Рухани тамырды сақтаудың жолы - салт-дәстүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу