Ұлттық рух ананың әлдиінен басталады
Ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрі әлбетте, ұлт болмысының негізі, ел рухының мәйегі.
Ол ұлттың дүниетанымын, тәрбиесін, өмірге деген көзқарасын көрсететін рухани код. Сол кодты ұрпақ жадында сақтап, жаңғыртып отыратындар - аналар, әжелер.
Осындай рухани бағыттағы қоғамдық істердің алдыңғы шебінде жүргендердің бірі – Шымкент қаласы Әжелер алқасының мүшесі Айсара Нусерова. Ол салт-дәстүрді ұрпақ тәрбиесінің алтын өзегі, рухани иммунитеттің тірегі деп санайды.
«Қазақта тәрбие ананың әлдиінен басталады. Әже әлдиімен ұйықтаған бала ешқашан тамырынан ажырамайды. Біз, аналар, әсіресе, әжелер, салт-дәстүрдің, тектілік пен тәрбиенің аманатшысы болуымыз керек. Салт-дәстүріміз бүгін мен болашақтың көпірі», – дейді Айсара Нусерова.
Айсара апайдың айтуынша, ұлттық руханият тек кітаптан немесе лекциядан үйренілетін дүние емес. Ол күнделікті өмірдің, отбасы тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Әжелер алқасы осы тәрбиені ұрпаққа жеткізудің бірегей үлгісі.
«Бұрынғы аналар бесік жырын айтып, қызын ерте жастан ибалылыққа, ұлын ер мінезге баулыды. Біз соны ұмытпауымыз керек. Қазір не көп ақпарат көп, бірақ соның ішінде рухани негізі бар, тәлім-тәрбиесі бар дүниелер аз. Сол себепті, біз ұлттық тәрбиені салт-дәстүр арқылы қайта жаңғыртып, бүгінгі бала санасына сіңіруіміз қажет», – дейді ол.
Айсара Нусерова отбасы институтын ұлттық тәрбие берудің ең басты ордасы деп санайды. Қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет, жол көрсету, бата беру, ырымы мен тыйымын білу секілді ұғымдар бала бойына ерте жастан сіңірілген.
«Келіннің ибалылығы да ананың, ененің тәлімінде жатыр. Бүгінде келін тәрбиесі де, бала тәрбиесі де сыртқы ықпалға беріліп барады. Бұл ұлттық тәрбие жүйесінің әлсіреуіне алып келеді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін, өзімізден бастауымыз керек», – дейді әжелер алқасының мүшесі.
Ұлттың болашағы оның тарихында емес, салт-дәстүр арқылы жалғасқан рухани сабақтастықта. Бүгінде көптеген рухани құндылықтар шеттетіліп, ұлттық ғұрыптар тек той-думанмен ғана байланыстырыла бастады. Алайда Айсара апай бұл түсініктің қате екенін ескертеді.
«Әрбір ұлттық ғұрып өмір сабағы. Мәселен, тұсау кесу – баланың алғашқы қадамы ғана емес, оған ақ жол тілеу. Бесікке салу – денсаулық пен тыныштықтың, ата-ана махаббатының белгісі. Біз осы терең мағыналарды жас ұрпаққа түсіндіре білуіміз керек. Бұл – бізге артылған аманат», – дейді ол.
Аида ӨТЕП