Салт-дәстүрін жоғалтқан ел – тарихынан айырылады

Oinet.kz 01-10-2025 56

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – ұлтты ұйыстырып, болмысты айқындап тұрған басты қазына болып келе жатыр.

Screenshot_39.jpg

Халқымыз «Салт-дәстүрін жоғалтқан ел – тарихынан айырылады» деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінгі таңда сол асыл қазынаны жас ұрпаққа жеткізіп, санасына сіңіру әрбір үлкеннің, әрбір ананың парызы.

Шымкент қаласы әжелер алқасының мүшесі Әнипа Ысқақова да осы ойды алға тартып, ұлттық құндылықты дәріптеудің маңызына тоқталды:

«Қазақтың дәстүрінде қыз балаға ерекше мән берілген. Оны ізетпен тәрбиелеп, инабатты, ибалы, арлы етіп өсіруге күш салған. Себебі қыз – болашақ ана, болашақ әулеттің түтінін түтетуші, қала берді тұтас ұрпақты тәрбиелеуші. Ұлттық тәрбиенің алтын қазығы да осыдан басталады. Біз «анасы қандай болса, баласы сондай болады» деп тегін айтпаймыз. Әкенің тектілігі, ананың тәрбиесі біріккенде ғана ұлттың ұрпағы парасатты болып өседі. Бүгінгі күнде жастардың көбі салт-дәстүрдің мәнін терең түсіне бермейді. Мысалы, бата беру, амандасу, үлкенге құрмет көрсету жай ғана әдет емес, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Біз осыны ұмытпасақ, қазақтығымыздың жібі үзілмейді. Әрбір ата-ана мен әже немересіне қазақы тәрбиені үйретіп отырса, ұрпағымыздың бойынан елдік пен адамдық ажырамайды. Біздің Әжелер алқасының басты мақсаты да осы – жастарға үлгі болу, ұлттық дәстүрді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Біз салт-дәстүрімізді дәріптеген сайын, қоғамымыздың іргесі берік, болашағы нұрлы болмақ. Сондықтан жастар жиналатын іс-шараларға, кездесулерге көбірек баруға тырысамыз. Қоғамдағы жастар арасында әдет-ғұрпымызды, салт-лдәстүрімізді кеңінен насихаттауға тырысып жүрміз. Баяғылар айтпақшы, көрер көз, тыңдар құлақ болса әлі де айтудан, насихаттаудан жалықпаймыз», - дейді.

Рас, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз халықтың мәңгілік қазынасы болып қала береді. Оны дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманаттау бүгінгі буынның қасиетті борышы, ортақ парызымыз. Бұл ретте Шымкент қаласы әжелер алқасы мүшелері айтарлықтай тындырымды тірліктер атқарып жүр. Әр салт-дәстүрімізді жеке-жеке насихаттап, көпшілік іс-шаралар, кездесулер мен басқосулар, тренинг сабақтарын ұйымдастырып жүргені соның дәлелі болса керек. Бастысы, жастар өз елінің мәдениетін, салты мен дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын тереңірек танып өсуі керек. 

Аида ӨТЕП

Сұлу әйел – салт пен дәстүрдің сабақтастығы
Тамырын таныған ел тозбайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу