Тамырын таныған ел тозбайды
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі ұлттың болмысын айқындайтын рухани байлықтың қайнар көзі.
Заман алмасса да, осы асыл мұраларымыз отбасылық тәрбие мен қоғамдық сананың алтын арқауы болып қала бермек.
Бүгінгі таңда жаһандану үдерісінің салдарынан кейбір ұлттық құндылықтар екінші орынға ысырылып бара жатқандай көрінеді. Алайда ұлт болып ұйысуымыз үшін, болашақ ұрпақтың бойына ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді сіңіру әр азаматтың борышы. Осыған орай, қоғамда ұлттық құндылықтардың насихатталуына белсенді үлес қосып жүрген жандардың бірі "Шымкент қаласының әйелдер кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова: "Халқымыздың ұлылығы оның салт-дәстүрінде. Біз жастарға тек білім ғана емес, рухани тәрбие де беруіміз керек. Тойдағы жөн-жоралғы, келін түсіру, бесікке салу, тұсау кесу сияқты дәстүрлердің бәрі үлкен мектеп. Әр салтымыздың астарында тәрбие жатыр. Осыны дұрыс түсіндіріп, насихаттай алсақ, ұрпағымыз тамырынан ажырамайды", – дейді.
Қазақтың салт-дәстүрі терең философиялық және тәрбиелік мәнге ие. Мысалы, "Бесікке салу" – баланың өмірге бейімделуін білдіретін киелі рәсім болса, "Тұсау кесу" – оның алғашқы қадамына сәттілік тілеудің белгісі. "Келін түсіру", "Сырға салу", "Ат қою", тіпті "Ерулік беру", "Асар жасау" сияқты дәстүрлер де адамдар арасындағы татулық пен бірлікті нығайтып отырған. Әсіресе, қазіргі кезде ауыл мен қала өмірінің арасындағы айырмашылық ұлғайып, жас буын арасында дәстүрлердің мән-мағынасы ұмытылып бара жатқан тұста, Баян Жандосова сияқты қоғам белсенділерінің атқарып отырған жұмысы өте маңызды.
"Әйел – отбасының тірегі, қоғамның ұйытқысы. Әйел тәрбиелі болса, ұрпақ тәрбиелі болады. Сол себепті біз өз бірлестігіміз арқылы аналарды, келіндерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге күш салып келеміз. Қыз ұзату мен келін түсірудің өзі үлкен өнер. Бұрынғы аналарымыз қандай ибалы, инабатты келін тәрбиелеген, біз де сол жолды жалғауымыз керек", – дейді төрайым.
Рас, салт-дәстүр - ұлттың жаны. Осы құндылықтарды жаңғырту арқылы ғана біз ұлттық болмысымызды сақтай аламыз. Бұл бағытта мектептерде, жоғары оқу орындарында, мәдени ошақтарда, қоғамдық ұйымдарда тұрақты түрде насихат жүргізілуі керек. Біз де өз үлесімізді қосу арқылы, тамырынан ажырамаған, түп негізіне адал ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуымыз қажет.
Аида ӨТЕП