Сұлу әйел – салт пен дәстүрдің сабақтастығы
Қазақ халқының болмысын айқындап, ғасырлардан бүгінге жеткен ең асыл мұрасы – ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі. «Жеті қазына» ұғымы да соның айғағы.
Әрбір қазына халық дүниетанымының жемісі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Халқымыз қыз баланы қашанда ардақтап, инабаттылық пен ибалықтың, сұлулық пен парасаттың символы ретінде дәріптеген.
Осы асыл дәстүрді жаңғыртып, ұлттық болмысты дәріптеу мақсатында Семей қаласында ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Жеті қазына» байқауы өтті. Қазақы салт-сананың айшықты көрінісіне айналған бұл додада Шымкент қаласынан барған Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №11 филиалының меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова «Сұлу әйел» номинациясын жеңіп алды.
Жеңіс тұғырынан көрінген ол ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің қоғамдағы маңызына тоқталып, ойымен бөлісті:
«Қазақ халқының ең үлкен байлығы оның рухани қазынасы. Бізге ата-бабамыз аманаттап кеткен салт-дәстүрлер ғасырлар бойы ұлтты ұйыстырып келген. «Жеті қазына» ұғымының өзі соның айғағы. Ол тек ер-азаматқа ғана емес, бүкіл қазақ қоғамына ортақ өмірлік құндылықтарды білдіреді. Сол қазынаның ішінде әйелдің орны ерекше. Өйткені әйел – әулеттің ұйытқысы, ұрпақтың болашағының кепілі. Қазақ қызы әрқашан инабаттылығымен, ізеттілігімен, сыпайылығымен ерекшеленген. Шынайы сұлулық тек сыртқы келбетте емес, жүректің тазалығы мен парасаттылықта. Біз үшін ең басты міндет сол асыл қасиеттерді ұмытпай, жас ұрпаққа жеткізу. Анадан дарыған мейірім мен ұлттық тәрбие ұрпақтың бойына елдік пен адамгершілікті сіңіреді. Мен үшін «Сұлу әйел» атағы жеке марапат емес, жалпы қазақ әйелінің мәртебесін көтеру, салт-дәстүрімізді дәріптеудің бір көрінісі. Біз ұлттық құндылықтарымызды құрметтеп, дәстүрімізді сақтаған сайын, болашағымыздың іргесі бекем болады. Әрбір қыз бала өз тегіне, ұлттық болмысына мақтанатындай деңгейде тәрбиеленуі қажет. Өйткені ұлттың ертеңі – ананың қолында», - деді.
Абайдың мұрасы мен қазақтың салт-дәстүрі – ұлт руханиятының қос қанаты. Сол құндылықтарды насихаттау арқылы біз тек өткенді дәріптеп қана қоймай, болашаққа жол ашамыз. Ақмарал Құдайбергенованың «Сұлу әйел» номинациясын иеленуі қазақ әйелінің шынайы бейнесін, ұлттық болмыс пен сұлулықтың сабақтастығын айқындаған жеңіс болды. Бұл Шымкенттің ғана емес, бүкіл қазақ мәдениетінің абыройы десек артық айтқандық, асыра сілтегендік бола қоймас.
Аида ӨТЕП