Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады
Патриоттық тәрбиенің мақсаты – қала тұрғындары мен жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру болып табылады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласының Қаратау ауданында ұйымдастырылған «Таза қала» жалпықалалық сенбілік жұмыстары жоғары деңгейде өтті.
Қаратау ауданы әкімі Алмас Абаевтың айтуынша, «Таза қала» жалпықалалық сенбілікке аудандағы «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Жасыл Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен барлығы 520 қызметкері қатысып, тазалық жұмысына 3 техникасын жұмылдырылған. Нәтижесінде олардың күшімен 10,9 тонна күл-қоқыс шығарылып отыр.
«Табиғат – ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін! Таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де, байтақ дала да, ауылдар да, қалалар да – біздікі. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық! Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. Ендеше, барша Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Шырайлы Шымкентімізді жасыл аймаққа айналдырайық! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған республикалық акциясына біздің аудан тұрғындары, әсіресе жастар, ұлт патриоттары белсенді қаыстуда. Барша Шымкенттіктерді осы акцияға қатысып, еліміздің көркеюіне, тазалық жұмыстарын жүргізуге ат салысуға шақырамын», - дейді аудан әкімі.
Жалпықалалық «Таза қала» акциясы барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, қураған шөптер шабылып, жолдар мен аяқжолдар тазаланып, қоқыс алаңшаларының айналасы ретке келтірілді. Сондай-ақ бейберекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, көшелер кездейсоқ тасталған қоқыстардан тазартылды. Акция аясында бұдан басқа да тазалық жұмыстары жүргізілді.
Атап өтерлігі «Таза қала» акциясына Жер қатынастары басқармасынан 35 қызметкер мен 3 техника, Сәулет және қала құрылысы басқармасынан 25 қызметкер мен 3 техника, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан 33 қызметкер мен 3 техника, Қаржы басқармасынан 20 қызметкер мен 3 техника, Кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық басқармасынан 35 қызметкер мен 3 техника қатысып, осы мекемелердің күшімен 20,4 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Бұдан бөлек, мектеп және денсаулық сақтау қызметкерлерінен 750 адам мен 11 техника, ауданның кәсіпкерлік нысандарынан 6210 қызметкер мен 11 техника, құрылыс нысандарынан 4130 жұмысшы мен 20 техника, ал КСК қызметкерлері, домкомдар мен тұрғындардан 4115 адам мен 10 техника жұмылдырылып, осы еңбек ұжымдарының күшімен жалпы көлемі 57,3 тонна қоқыс шығарылған. Аудан әкімінің айтуынша, Қаратау ауданында ұйымдастырылған сенбілікке аудан бойынша 15873 қызметкер мен жұмысшы және 70 техника қатысып, 88,6 тонна қоқыс шығарылыпты.