Отанға деген құрмет тазалықтан басталады
Елімізде Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Шымкент қаласының жастары белсене қатысып, өздерін нағыз отанның патриоттары ретінде көрсетуде.
Еліміздің барлық аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Акция басталғалы Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Тұран ауданы әкім аппараты ұйымдастырған жалпы қалалық сенбілік аясында белсенді жұмыстар атқарылды. Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбековтың айтуынша, сенбілікке 4456 аудан тұрғыны мен 480 мекеме қызметкерлері және 26 техника қатысқан. Нәтижесінде көпшіліктің күшімен 12 тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 300 адамнан құралған аудан тұрғындары мазарат аумағын да күл-қоқыстан тазартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Бұл бастаманы ә дегенде Шымкент қаласының тұрғындары мен табиғат жанашырлары қуана құптаған болатын. Өйткені, өңірімізде белсенді, отаншыл азаматтар өте көп. Шымкент қаласында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясын басталғалы бері Тұран ауданында тазалық, көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Отанға деген құрмет тазалықтан басталатынын ұмытпайық. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданымызды, Шымкент қаласын одан сайын түрлендіре түсеміз деген ойдамын. Сондықтан қала халқының, әсіресе жастардың осы акцияға қосулға шақырамын», – дейді Тұран ауданының әкімі.
Сондай-ақ жалпыұлттық акцияға дене шынықтыру және спорт басқармасынан 52 қызметкер мен 2 техника, денсаулық сақтау басқармасынан 55 қызметкер мен 2 техника, мемлекеттік сатып алу басқармасынан 48 қызметкер мен 1 техника, цифрландыру басқармасынан 40 қызметкер мен 1 техника, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасынан 35 қызметкер мен 2 техника, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-нен 40 қызметкер мен 1 техника, Тұран электр тарату бөлімінен 20 қызметкер мен 2 техника, Тұран аудандық полиция бөлімінен 100 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды. Аталған мекемелер сенбілік аясында жол бойларын, арық атыздарды ретке келтіріп, саябақтар мен скверлерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ал Тұран ауданына қарасты әлеуметтік нысандардан 4685 қызметкер мен 5 техника, кәсіпкерлік нысандардан 890 қызметкер мен 4 техника қатысып, сәйкесінше 7 тонна қоқыс шығарылды.
Аудан әкімінің есебінше Жалпы Тұран ауданы аумағында сенбілікке 10901 қызметкер мен 49 техника қатысып, 33 тонна қоқыс шығарылыпты. Тазалық жұмыстары барысында қураған ағаштар мен бұтақтарды кесу, шөп ору, дәнекерлеу және сырлау, жалпы тазалық жұмыстары және басқа да іс-шаралар атқарылған.