​Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны

Oinet.kz 06-10-2025 51

«Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.

Screenshot_27.jpg

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – тіл саясатының басты мақсаты. Осы орайда 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында Шымкент қаласында кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша, жарнама, мәзір және бағалар мемлекеттік тілде дұрыс ресімделуі міндеттелген.

Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар заң талабына сәйкес жүргізілуде. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күнге дейін шаһарда 16 мыңнан астам нысан зерделеніп, 2380 кәсіпкерге кемшіліктерді түзету туралы ұсынымдар берілген. Оның ішінде 120 нысан заң талаптарына сәйкес реттелді, қалғандары түзету үстінде. Мәселен, «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» сияқты танымал дәмханалардың мәзірлері мен көрнекі ақпараттары мемлекеттік тілде қайта рәсімделді. Ұлттық тағам түрлерінің мәзірі жасалды.

«Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» – деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек» дейді қала әкімдігінің өкілдері.

Сонымен ел Заңына сәйкес, жарнама мен көрнекі ақпарат алдымен қазақ тілінде, кейін қажет жағдайда басқа тілдерде берілуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салынады: шағын бизнес үшін – 5 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде.

Тек соңғы айда «Е-Өтініш» порталы арқылы 112 жарнама жобасы келісімге ұсынылып, оның 97-сіне түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Арнайы әдістемелік құралдар дәмханалар мен мейрамханаларға таратылып, WhatsApp, «2ГИС» және әлеуметтік желілер арқылы да жеткізілді.

Дегенмен қала көшелерінде заңға сай келмейтін жаңа жарнамалар әлі де кездеседі. Сондықтан басқарма жарнама агенттіктеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл талаптарын қатаң сақтауды ескертіп отыр. Бұл шаралар мемлекеттік тілдің беделін арттырып қана қоймай, қала мәдениетін де айшықтай түспек.

Қазақ өнерінің абыройын асырған Жадыраны Шымкенттіктер қошеметпен күтіп алды
Жас жауынгерлер қарттарға құрмет көрсетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу