Қазақ өнерінің абыройын асырған Жадыраны Шымкенттіктер қошеметпен күтіп алды

Oinet.kz 06-10-2025 51

Шымкент қаласының Мәдениет басқармасына қарасты опера және балет театры халқымызға белгілі өнер иелерін тәрбиелеп, шаһар тұрғындарын тамаша туындыларымен рухани байытуда.

Screenshot_26.jpg

Бүгінгі күні осы театрдың солисі Жадыра Абдулаева Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында І орынды жеңіп алды. Жерлестері әншіні құрметпен Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайында күтіп алды. 

Опера және балет театрының солисі Жадыра Абдулаеваны күтіп алу үшін өнер сүйер қауым, жерлестері мен театрдағы әріптестері жиналды. Жиналған жұрт әншіні гүл шоқтарымен қарсы алып, өнердегі ерлігіне айрықша құрмет көрсетті. 

Жадыраға қолдау көрсеткен Халық әртісі Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, Шымкент қалалық опера және балет театры 2007 жылы 3 сәуірде құрылып, өз шымылдығын 2008 жылы 7 қарашада «Інжу-Маржан» қойылымымен ашыпты. Сол тұста «Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының» ресми түрде ашылу салтанатында «Ұлы музыка әлемі», итальяндық дирижер И. Кайаццоның «Браво, Бельканто!», Омбретта Маккидің жеке концерттері өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жаңа рухани өнер ошағы пайда болғанын жақанға жар салған. Ал 2008–2009 жылдары шымкенттіктердің классикалық музыканы келешек опера театрының сахнасында қабылдауына жасалған әзірлік іспетті «Әлем операсының жұлдыздары Шымкентте» деп аталатын халықаралық фестиваль өткізілді. 2021 жылы «Шымкент қалалық опера және балет театры» деп аталды. Содан бері өнер ұжымы түрлі халықаралық байқауларға қатысып, өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленуде. 

– Шәкіртім ел сенімін ақтап, ұлт намысын қорғап ортамызға бүгін Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында І орынды жеңіп алып, келіп отыр. «Джакомо Пуччинидің әлемге әйгілі «Мадам Баттерфляй» операсына арналған халықаралық конкурс биыл пандемиядан кейін алтыншы рет қайта жалғасын тапты. Бұл шығарма Жапонияның Нагасаки қаласындағы тарихи оқиғаларға негізделген. Сондықтан байқаудың да дәл осы қалада өткізілуі тегін емес. Биылғы сайысқа 300-ге жуық әнші өтініш берген. Соның ішінде 41-45 өнерпаз іріктеліп, Нагасакиге шақырылды. Ал ақтық сынға сегіз әнші жолдама алды. Финалда ерекше толқынысты сәттер көп болды. Біз тыңдаған бір жапон әншісі жүректі баурап алғаны соншалық, көпшілік оны жеңімпаз болады деп ойлады. Дегенмен, негізгі бас жүлдені біздің шәкіртіміз – Жадыра жеңіп алды», – деді Майра Мұхамедқызы. 

Сондықтан ол әуелде өзі де, әнші де бірінші орын алғанын білмей қалғанын айтады. «Сахнада марапатты алып бара жатқан сәтінде қазылар да, көрермендер де оның эмоциясын аңдай алмай абдырап қалды. Кейін ғана ұстазы ретінде мен сүйіншілеп «Сен І орынды алдың!» деп айтқанда, ол өзінің жеңісін сезінді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», дейді театр директоры. 

Осы байқауда Жадыраның өнерін жапондық көрермендер де, қазылар алқасы да ерекше жоғары бағалапты. Тіпті олар «Сіздер шығарманы терең түсініп орындайсыздар, қандай керемет!» деп алғыстарын жаудырған. Осы жеңісінен кейін-ақ көптеген театр мен фестивальден арнайы ұсыныстар түсіпті. Сондай-ақ Токио опера театры, Нагасаки әкімдігі де арнайы құттықтап, Жадыраның жеңісін жоғары бағалаған.

«Мен өзім кезінде осы операны орындағандықтан, оның қай жерінің қиын екенін, қалай айту керегін жақсы білемін. Сондықтан шәкіртіме «бар күшіңді сал, финалда бар өнеріңді көрсет» деп кеңес бердім. Нәтижесінде еңбегі жемісін берді. Бұл жеңіс тек Жадыраның емес, бүкіл қазақ өнерінің абыройы» дейді Майра Мұхамедқызы.

Ал әншінің өзін бұл жеңіс оған күтпеген қуаныш болғанын айтады. «Бұл жеңіс ең алдымен еліміздің жеңісі. Сондай-ақ, ұстаздарыма мың алғысымды білдіремін. Әсіресе, мені Жапонияға бастап апарып, байқауға қатысуыма себепші болған Майра Мұхамедқызына шексіз ризамын. Маған орын бергенде қатты таң қалдым. Өйткені жапон қызын сахнаға шақырғанда, оны жеңімпаз деп ойлап, қуана қол соқтым. Кейін оның көрермендер таңдауы бойынша марапатталғанын білдім. Ал І орынды маған бергенде тіпті түсінбей қалдым. Себебі осы уақытқа дейін бірнеше байқауларда бақ сынап, ақтық сынға да ілінбей келген едім. Сондықтан мен үшін бұл өмірімдегі ең ерекше сәттердің бірі болды», дейді Жадыра Абдулаева.

Алғашқы 35 жігіт Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанды
​Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу