Алғашқы 35 жігіт Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанды

Oinet.kz 06-10-2025 52

Патриоттық тәрбие жастар арасында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратыны белгілі. Жалпы жастарды Отанын, жерін, ұлтын сүюге тәрбиелеу – ел тыныштығының кепілі. 

Screenshot_25.jpg

Бұл – ұлттық қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі. Мәселен, Шымкент қаласының жастары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге асығуда. Көпшілігі ұлттық әскер қатарына өздері сұранып баруда.  

Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен барлығы 850 жас сарбаз әскер қатарына қосылмақ. Оның алғашқы легі – 35 жігіт бүгін ресми түрде сапқа тұрды. Олар бастапқы дайындықтан соң Д.Қонаев қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімге жөнелтіледі.

Осы ретте Шымкент қаласының жинақтау бекетінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанған жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Бұл күн жас жігіттер үшін ғана емес, олардың ата-аналары, туған-туыстары мен ұстаздары үшін де толқулы сәт болды. Әскери сапқа тұрған өрімдей ұландарды қолдауға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, ардагерлер кеңесінің өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен қала жұртшылығы жиналды.

Полковник Шегебаев сарбаздарды әскерге шығарып сала отырып, олардың жауапты миссиясын ерекше атап өтті.

– Әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі ел тыныштығының кепілі. Сапқа тұрып, қару алып, борышын орындау – әрбір ер-азамат үшін үлкен абырой. Біз сіздердің еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын қорғауда адал қызмет ететініңізге сенеміз, – деді ол.

Әскери бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, капитан Мадияр Раимбердиевтің айтуынша, сарбаздар түрлі әскери мамандықтарды меңгереді. 

– Жауынгерлік дайындық бағдарламасына сәйкес, әрбір сарбаз бір жыл ішінде екі рет парашютпен секіреді. Сондай-ақ БТР көздеушісі, гранататқыш, мерген, оқшашар сияқты мамандықтарды игереді, – дейді офицер.

Салтанатты рәсімге қатысқан «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері мен Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері болашақ жауынгерлерге қолдау көрсетіп, концерттік бағдарлама мен әскери оркестрдің ойыны мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.

Айта кетсек, күзгі шақырту алдымен ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жігіттерді жасақтаудан басталады. Одан кейін Қарулы күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері толықтырылады.

Әскерге аттанған әрбір жас үшін бұл күн – ұмытылмас белес. Бір жылдық мерзімді қызмет – уақыт өлшемі ғана емес, ер-азаматтың өмірлік мектебі, нағыз шыңдалу жолы. 

Экологиялық мәдениетті дамыту қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
Қазақ өнерінің абыройын асырған Жадыраны Шымкенттіктер қошеметпен күтіп алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу