Экологиялық мәдениетті дамыту қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
«Таза Қазақстан» – құр ұран емес, нақты істерді, сананың сілкінуін, ұлттық мінез бен жаңғыруды, жастар бойындағы патриоттық сезімді оятып, Отанды сүюді талап ететін бастама.
«Таза Қазақстан» – болашақтағы Қазақстанның іргесін қалайтын ұрпақ тәрбиесінен басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан бастамасына сәйкес елімізде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді.
Шымкент қаласының тұрғындары да бұл акцияға өз үлестерін қосып отыр. Мәселен, Шымкентте «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық акциясы аясында республикалық Road-эстафетасын ұйымдастырды. Бұл жобаға экология және табиғи ресурстар министрлігі қолдау білдірген. 30 қыркүйекте Алматыдан басталған эстафета қатысушылары шамамен 800 шақырым жол жүріп, Жамбыл облысы арқылы Шымкент қаласына жеткен болатын. Жол бойында ұйымдастырылған акциялар барысында тұрғындарға қоқыстың табиғатта ұзақ жылдар бойы шірімейтіні түсіндіріліп, алғашқы үш күнінде 600-ден астам белсенді қатысып, 90 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Road-эстафетаның амбассадоры Ясса Танирдің айтуынша, бұл бастаманың ерекшелігі – тек қоқыс жинау емес, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен еркін пікір алмасу. Сонымен бірге қатысушылар тарихи нысандарға аялдап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Атап айтқанда, «Ақыртас» кешені мен Сауран қалашығында аумақтарды абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.
Шымкентке келген эстафетаны жергілікті жастар ерекше ықыласпен қарсы алды. Қаладағы студенттер мен еріктілер тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып, гүл отырғызу және қоқыс сұрыптау шараларына қатысты. Сондай-ақ, шымқаладағы эстафета аясында жастарға арналған экоактивити жобалары өткізілді. «Қоқысты өткіз – сыйлық ал» акциясы арқылы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеуге тапсыру мәдениеті насихатталды. Бұған қоса, экологиялық викториналар, қайта өңделген материалдардан бұйым жасау шаралары өткізілді. Гүл отырғызу бойынша арнайы мастер-класс өтті. Оған Dasik_begonia және Gulhome.Store2 мекемелерінің бағбандары қатысып, жастарға гүл отырғызудың қыр-сырын үйретті.
– Бұл өте керемет бастама. Ауқымды жоба Алатау мен Қаратаудың арасын қамтиды. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бір апта жол жүруге дайындалды. «Алматы-Қызылорда» бағытында қаншама тұрғындармен кездесіп, экологиялық мәдениетті насихаттап келеміз. Әрбір елді мекенде табиғатты қорғауға үн қосып жатырмыз. Сондықтан бұл эстафета қоғам үшін өте пайдалы, – деді Ясса Танир.
Атап өтерлігі мұндай экологиялық эстафета былтыр да ұйымдастырылған еді. Ол кезде қатысушылар «Астана-Алматы» бағытымен жүріп, мыңдаған тұрғынды тазалыққа үндеген болатын. Биылғы экоэстафета Алматыдан басталып, Қызылордаға дейін жалғасады. Бұл игі бастама қанша жастың санасына тазалық пен табиғатты аялауға деген ынта оятқаны анық.