«Таза Қазақстан» – сананың, жүректің, ұлттық болмыстың тазалығы

Oinet.kz 04-10-2025 43

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы, ұлттық тәрбие және жастар саясатына қатысты бастамалары еліміздің болашағы – жастардың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған. 

Screenshot_23.jpg

Ұлттық тәрбие – ұлттың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең негізгі құндылық. Бұл – мемлекеттің де, отбасының да, мектептің де ортақ миссиясы. Ұлттық тәрбиені сақтап, жаңғырта білген ел тарихта аман қалады. Қазақ халқының болмысын, рухын, келешегін сақтап қалудың жалғыз жолы – ұлт тәрбиесін жүйелеу мен жаңғырту. Ұлт тәрбиесі – ұсақ-түйек емес,  мемлекеттің қауіпсіздігімен парапар стратегиялық міндет. Егер әр азамат өзінің отбасын, сөзін, ісін тәртіпке салып, айналасына үлгі бола білсе, сол «Таза Қазақстанның» алғашқы қадамы болмақ. 

Міне, Шымкент қаласында «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен республикалық Road-эстафета шеңберінде өткен «Чемпиондық Рух» іс-шарасы осының бір дәлелі. Яғни, қалада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткізілген жобаның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, ерік-жігері мен төзімділігін шыңдау, күнді белсенді әрі энергиямен бастауға дағдыландыру. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сонымен Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта өткен «Чемпиондық Рух» жобасына «Amanat» партиясының белсенді мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі спортшылар, жастар қатысты. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов жастарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырып, көпшілікпен бірлесе таңғы жаттығу өткізді. Мұндай жаттығулар ұжымдық бірлікті нығайтып, жеңіске деген жігер мен чемпиондық рухты қалыптастырады.

– Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, елімізде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі әрі кешенді шаралар атқарылып келеді. Осы орайда «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының республикалық Road-эстафетасы қолға алынған болатын. 30 қыркүйек – 6 қазан аралығында Алматы - Қызылорда бағыты бойынша жалғастыру жоспарланған. Бұл – жастардың әлеуетін толық іске асыруға және қоғамда тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» – сананың, жүректің, болмыстың тазалығы. Жолдағы қоқыс, алаңдағы тәртіпсіздік сыртқы көрініс қана. Ал нағыз тазалық – ой мен әрекеттің тазалығы, адал еңбек, тура жол, Отанға деген адалдық, – дейді жоба қатысушысы, әлем чемпионы Біржан Жақыпов.

Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді.

«Ескі пластинка» аға буынның жанын жадыратты
Экологиялық мәдениетті дамыту қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу