Атау беруде жер-су мен дәстүрлі тарихи атауларға басымдық берілуде
Ел тарихын, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін білу – патриотизм мен ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың негізі. Қазіргі уақытта тарихи сананы қалыптастыруға, қазақ халқының мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға ерекше мән беріліп келеді.
Бүгінгі күні жер-су, көшелер мен елдімекендерге ат беруде де көрініс табуда. Бұл үрдіс Шымкент қаласында да қалыптасып отыр.
Бүгінгі күні Шымкент қаласының мәдениет саласында да ілгері жылжу бар. Мәселен, қалада халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды 2066 орындық Конгресс холл пайдалануға берілді. Қалалық бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері іске қосылды. Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары тұрақты өткізіліп келеді.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру. Бұл мәселе көмек көрсету қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған. Осыны ескеріп, атаулары қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағын аудан, 1 саяжай және 1 аллеяға атау берілген. Дегенмен Шымкент қаласындағы атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Жасыратыны жоқ, ономастикаға оң көзқараспен қарамаса, болмайды. Өйткені, шамасы келсе көкесінің атына көше, атасының атына ауыл бергісі келетіндер көбейді. Мұндай мәселемен, әсіресе, ономастика комиссиясы жиі ұшырасады. Министрліктер үйіне елден қол жинап алып, қағаз жіберетіндер де жетіп артылады. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда ономастика саласын тәртіпке келтіру керек деді. Сол тапсырма негізінде арнайы Жол картасы әзірленді. Ономастика құжаттарына біршама өзгерістер енгізілді. Тарихи тұлғалар тізімін толықтыру, елдімекендерге, көшелерге ат беру мәселесінде атқарылатын шаруа әлі де көп. Осы ретте Шымкент қаласында көше атауларын жаңарту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және қоғамдық санада оң көзқарас қалыптастыру мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды алмастыру, сондай-ақ атауы жоқ көшелерге атау беру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінгі күні бұл мақсатта, атауы жоқ және атауын өзгертуді қажет ететін 12 құрамдас бөлікке атау беруге және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен батырларының есімдерін көшелерге беру мақсатында 9 тұлғаның есімін атауы жоқ көшелерге беруге байланысты ұсыныстар Шымкент қалалық және Республикалық ономастика комиссияларының талқылауынан өтіп, қолдау тапты. Қазіргі таңда заңдастыру жұмыстары тиісті қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүргізілуде. Атап айтсақ, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарындағы атауы жоқ 11 көше мен 1 аллеяға атау беріліп, өзгертуді қажет ететін 8 көше қайта аталатын болады. Оның11-і жер-су атаулары мен дәстүрлі тарихи атаулар болса, 9-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімдері берілетін көшелер.
Көшелердің басым бөлігі абаттандырылған, яғни асфальт төселген, жарықпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, бұл атаулар қоғам арасында наразылық тудырмайды, қала тұрғындардың пікірі ескерілген. Көшелердің ұзындығы 300 метрден бастап 3,5 шақырымға дейінгі аралықты қамтиды. Көше атауларын беру және қайта атау жұмыстары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығымен бекітілген қағидаларының 2 және 4-тармақтарына сәйкес толық жүзеге асырылуда.