Мұражай қоры әріптестік байланыс аясында толығуда

Oinet.kz 02-10-2025 40

Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің жұмыс істеп тұрғанына биыл он төртінші жыл. Бұл музейі 2001 жылы 2 қарашада Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып ашылған еді.

Screenshot_19.jpg

Музей Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай, қоғамда әділеттікті қалпына келтіру жолында, өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз құрбан болғандарды мәңгі есте сақтау, өскелең ұрпақ санасына тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» себептерін жеткізу мақсатында ашылған болатын. Ал 2002 жылы 13 тамызда облыс әкімінің №248 Қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі» МКҚК болып қайта құрылды. Ал Түркістан облысы әкімдігінің 2018 жылы 13 тамыздағы №234 Қаулысы бойынша музей Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне берілді.

Бүгінгі күні ұлттық мәдени-рухани құндылықтарды, ерлік рухты ұрпақ жадында қалыптастырып, сіңіруде елімізде түрлі бағыттарда жұмыстар атқарылуда. Шымкент қаласында бұл бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесінде көп құжаттар табылып, саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды. Оларды ел жадында мәңгі сақтау үшін манументте орнатылды. Қалай десек те өткен тарихтың қаралы беттерінің бірі – саяси қуғын-сүргін. Ұлт қаймағы саналған ұлы тұлғалар сталиндік репрессия құрбанына айналып, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа да көптеген көрнекті қайраткер ату жазасына кесілді. Ресми деректерге сүйенсек, 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жеткен. Оның ішінде 642 мыңнан астамы қатаң жаза алды. Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастыруда. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент қаласы бойынша өңірлік комиссияның жұмысшы тобы 9 бағытта іздену үстінде. Шымкенттік ғалымдар тобының мүшелері архивтерге отырып, соңғы төрт жылдағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Оңтүстіктегі жаппай саяси қуғын сүргі: тауқыметті тағдырлар» атты ғылыми мақалалар жинағын жарыққа шығарды. Соның бірі тарих ғылымдарының кандидаты, дцент, профессор Баршагүл Исабек «Қуғын сүргінге ұшыраған Оңтүстік өңірінің әйелдері» ғылыми зерттеуін айтсақ та болады. 

Осы және басқа да саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар бүгінде Шымкент қаласындағы музейге қойылған. Жалпы Шымкент қаласындағы музей еліміздегі саяси бағыттағы алғаш ашылған мәдени нысандардың бірі. Музейдің сыртқы сәулеті мен ішкі дизайнының құрылысы және тақырыптық жоспары ерекше жасалған. Музейдің тақырыпқа сай жасалуына, негізгі идеясының жүзеге асуына ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері, дизайнер Аманжол Найманбай көп еңбек сіңірді. Музей қазіргі таңда үш залдан тұрады: Экспозициялық, «Тағзым» және Кинозалы.

Музейдің қақ ортасында экспозиция түпқазығы болып табылатын «Репрессия» атты мүсінді композиция орналастырылған. Бастапқыда музей қоры 2500-ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16257 экспонат жинақталды. Оның 13396-ы негізгі қор, 2861 көмекші қор, электронды тізімге енген экспонат саны – 1163. Музей қорын толықтыру мақсатында аудандық, қалалық, облыстық және шетелдік архив, музейлермен байланысып, жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, музей саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыста.

Музей жоғары оқу орындарының (ЕҰУ, ОҚМУ, ОҚМПУ, ХҚТУ және т.б) ғалымдарымен, тарихшыларымен, Алаштанушыларымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізеді және аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен көптеген іс-шарлар өткізеді. Алаш қайраткерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының мерейтойларын атап өту мақсатында іс-шаралар, лекциялар, көрмелер, дөңгелек үстелдер тұрақты ұйымдастырылады.

Музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында Ресей, Өзбекстан, Белоруссия музейлерімен, сондай-ақ, еліміздегі «АЛЖИР», «КАРЛАГ», «Алаш арыстары» музейлерімен байланыс жұмыстар атқарады.

Ұлттық сезім – Отанға деген құрметтен бастау алады
Атау беруде жер-су мен дәстүрлі тарихи атауларға басымдық берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу