Ұлттық сезім – Отанға деген құрметтен бастау алады

Oinet.kz 02-10-2025 34

Әрбір адамның Отанына деген сүйіспеншілік сезімі, алтын діңгек – ұшқан ұядан басталады. Ата-анасын, бірге өскен бауырларын қадірлеген адам – Отанын да қастерлей біледі.

Screenshot_18.jpg

Отан – ұлы ұғым. Осы ұлылықты қорғау жолында ата-бабаларымыз талай қан төгіп, ғасырлар бойы арпалысумен өткен. Сондай үлкен ерліктер арқасында ешкімнің де табанына таптатылмай бізге жеткен кең байтақ жеріміз біз үшін қасиетті және асыл қазына. Сол Отанды біздер қадірлеуге, қастерлеуге тиіспіз. Бүгінде Отанымыздың абройын асқақтатып, туымызды биік көтеріп жүрген жастар ортамызда көп. соның бірі – Нұржан Сманов.

Даңқты боксшы, 4 дүркін КСРО чемпионы, 2 дүркін Азия және Азия ойындарының чемпионы, Еуропа чемпионы, Атланта Олимпиадасының қатысушысы Нұржан Сманов жуырдан А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кеште кітапхана оқырмандарымен және Шымкент қаласының жастармен кездесіп, әсерлі әңгіме құрды. 

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ боксының ақыл-ойы атанған Нұржан Дініқұлұлы спорттағы және өмір жолынан сыр шертіп, емен-жарқын сұқбат құрды. Іс-шараның мақсаты да осы – жастарға спорттың, оның ішінде бокстың ел руханияты мен халықаралық аренадағы орны туралы ұғындырып, жас буынды табандылыққа, еңбекқорлыққа және елін сүюге шақыру болатын.

– Әрбір қазақ азаматы өзінің еліне деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылық қасиетін сөзімен емес, ісімен көрсетуге тиіс. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің асыл да, ержүрек ағаларымыз соңғы демі, ақырғы тынысы қалғанша елі, жері үшін шайқасқанда тарихта атымыз қалсын не болмаса үлкен атаққа ие болайық деген жоқ. Туған жердің бір пұшпағын да жауға таптатпаймыз деп бар жандарын салып қорғады. Отан олар үшін ана бейнесімен пара-пар еді. Сондықтан да олардың бойында Отан – анаға деген зор махаббат тұрды. Ал туған жерін қорғау азамат үшін үлкен абырой. Қазіргі таңда біз жастарымызды бұл, сенің далаң, сенің шөбің, сенің жусаның, сенің тауларың деп тәрбиелеуіміз керек. Және де сол ие болып отырған даланың өсіп-өркендеуіне, нығаюына, алдыңғы қатарлы ел болуына күш жұмсау керектігін үнемі жастарымызға айтып отыруымыз қажет» – дейді Нұржан Дініқұлұлы.

Нұржан Сманов небәрі 15 жасында бокстан КСРО және Еуропа чемпионы атанған. Осы жаста КСРО-ның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері құрметті атағын алды. Тоқсаныншы жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болды. 1996 жылы Атланта олимпиадасында бақ сынап, бесінші орынға иелік етті.

Кеш барысында оқырмандар даңқты спортшының өмір жолы мен спорттағы жетістіктерімен жақыннан танысып, өз сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ, белгілі азамат қазақ боксының қазіргі дамуы, мәселелері жөнінде өз ойларын айтты.

Тәрбиелі ұрпақ – ел тірегі
Мұражай қоры әріптестік байланыс аясында толығуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу