Тәрбиелі ұрпақ – ел тірегі
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен ел даналары.
Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген.
Осы ретте Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жастарына арналған «Тәрбиелі ұрпақ – ел тірегі» атты кездесу өткізді.
Іс-шараның мақсаты жастардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, отбасындағы тәрбиенің маңызын түсіндіру, құқықтық сауаттылығын арттыру және буллингке қарсы мәдени көзқарасты дамытуға негізделген. Кездесу барысында сала мамандары тарапынан қоғамға пайдалы, жауапкершілігі жоғары әрі тәрбиелі ұрпақ болып қалыптасудың жолдары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, отбасылық тәрбие үлгісін насихаттау, құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері қаузалды.
Жастармен кездесуге Шымкент қаласы прокуратурасының аға прокуроры Дінислам Әлжан, Az-UIA (Әз-Ұя) қоғамдық бірлестігінің педагог-психологы Алтынбек Боранбек, PhD доктор, доцент, тәжірибелі психолог әрі гештальт-терапевт Салтанат Асанова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аға прокурор Дінислам Әлжан жастарға заң мен тәртіптің мәнін түсіндіріп, елге адал қызмет етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, нағыз патриот болу алаңға шығып ұрандатумен шектелмейді. Бұл өз ісіңді адал атқарып, қоғамға пайда әкелуден көрініс табуға тиіс. «Күшті республика – сенімді болашақ» қағидаты әрбір азаматтың саналы әрекеті арқылы жүзеге асады.
Сондай-ақ жиын барысында Az-UIA (Әз-Ұя) қоғамдық бірлестігінің педагог-психологы Алтынбек Боранбек те өз ой-пікірімен бөлісті. «Кейінгі кезде басқа ақпарат көздерін былай қойғанда теледидардағы азғындыққа үгіттейтін озық-созық сериалдардың көбеюі де жас ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгілі бірге отырып көріп, бірге талқылаймыз. Назар аударар болсақ ылғи өтірік айтып тығырықтан шығу, бірін-бірі алдау, жеңіл жүріс. Байыптап қарар болсақ дәл осы құбылыс біздің қоғамымызда белең алуда. Ұстаз ретінде айтар болсам көптеген жастарымыздың әдеби кітап оқуға қызығушылықтары жоқ. Сабақ үстінде айтылған белгілі бір шығармалардан үзіндіні тыңдайды да, әрі қарай жалғастырмайды. Білім мен тәрбие көзі әдеби кітаптарда екенін ескергілері келмейді. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіруде. Бұрынғы ата-баба жүріп өткен жолдар ертегіге айналып бара жатқандай. Кешегі өткен ата-бабаларымыз тап қазір қайтып оралар болса, «ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болмасын» деп бастарын бәйгеге тіккен еңбектерінің түкке тұрмағанына налитындай жағдай. Жастар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің өткені мен келешегін, оның алдында тұрған жоспарларды жақсы білуі қажет. Өз елінің басынан кешкен қиындықтарымен танысып қана қоймай, сондай қиындықтан елін, халқын алып шығуға белсене қатысып, өзінің үлесін қосатындай болып тәрбиеленуі керек», - дейді Алтынбек Боранбек.
Кездесуде жастар арасында құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу мәселесіне қатысты сауал қойды. Мамандар қылмыстың басым бөлігі бос уақытын тиімсіз өткізетін жастардан шығатынын атап өтті. Осы орайда әр жас өз іс-әрекетіне жауапты болып, саналы шешім қабылдай білуі қажеттігі айтылды.