Жастардың патриоттық сенімін арттырды

Oinet.kz 01-10-2025 34

Тарихы терең, мұраты айқын, болашағы жарқын Қазақ елі бүгінде сан ұлттың басын қосып, татулықтың тұғырын биіктеткен, бейбітшілік пен келісімнің әлемдік үлгісіне айналған, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, жастардың бойындағы патриоттық сенімді нығайта түскен мемлекет. 

Screenshot_16.jpg

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында елдегі ұлттар мен ұлыстардың өзара достығы мен сыйластығы нығайып, мәдени саналуандықты сақтау – басты ұстанымға айналды. Міне, осындай рухани сабақтастық пен бейтітшіліктің мән-мағынасын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Шымкент қалалық Политехникалық колледжде «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесу өткізілді.

Айтулы іс-шара Шымкентте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – Ақсақалдар кеңесі, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы сындарлы диалогты нығайтып, әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты тетіктерін айқындау, жастарды азаматтық белсенділікке тарту, ел патриоты болып қалыптасыуын және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, ғалым Иманалы Байдаулетовтың айтуынша, қала жастарымен өткен келелі кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары – Ержан Ибраев пен бас сарапшы Ботакөз Жарқынбекқызы арнайы келіп қатысқан. Алғашқы кездесу әуелі Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде және Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 жалпы орта мектебінде өткізілді. Ал бүгінгі жиын Шымкент қалалық Политехникалық колледжде ұйымдастырылуда. Алдағы уақыттағы іс-шара М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі мен «Достық үйінде» жалғасын таппақ. 

Жиын барысында жастардың патриоттық сезімін ояту, Отанға деген сүйіспеншілігі мен азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдары кеңінен талқыланды.

– Қоғамның дамуы ең алдымен жас буынның патриоттық белсенділігіне байланысты. «Даналық көпірі» – үлкендер мен жастар арасындағы алтын көпір. Ақыл мен тәжірибені жастарға жеткізу – біздің басты парызымыз. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Олардың ойы тың, көзқарасы жаңа. Біз осы кездесулер арқылы жастарды қоғам мәселесіне бейжай қарамай, олардың бойында ұлттық рухты көтеру, халықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтеу, ең бастысы Қазақстанның әлем аренасында беделін көтеру сынды белсенді ұстаным қалыптастыруға ынталандырамыз. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – жастарға қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарының мәнін түсіндіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы мен қызметін таныстыру. Қазіргі таңда әлемде діни сипаттағы және этникалық қақтығыстар орын алып жатыр. Біз жастардың осындай жат ағымдар мен теріс пиғылды көзқарастардан алыс болғанын қалаймыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кейде ұлтқа тіл тигізу, бір-бірін кемсіту сияқты келеңсіз көріністер байқалып жатады. Мұндай әрекеттер қоғамның тұтастығына нұқсан келтіреді. Сондықтан сіздерден татулық пен сыйластықты сақтап, бейбіт өмірді қадірлей білуді сұраймыз, – деді сарапшы Ержан Ибраев. 

Жиналғандар пікір алмасып қана қоймай, нақты ұсыныстар әзірлеп, болашақта жүзеге асыру жолдарын да қарастырды. «Даналық көпірі» жобасы қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға, жастардың патриоттық сенімі мен әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.

Ж.Шанин театрындағы қойылым көрерменге ой салды
Тәрбиелі ұрпақ – ел тірегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу